10 КҮНДІК ӘСКЕРИ ЖИЫН АЯҚТАЛДЫ
Жамбылда «Қордай-2023» тактикалық арнайы оқу – жаттығуы аяқталды.26 шілдесі мен 4 тамызы аралығында тексеру жиыны облыстың аумақтық қорғанысын дайындауға бағытталған. Президент жарлығына сәйкес бастау алған оқу жаттығу жиынының жабылуына аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовте қатысты.
10 күнге созылатын әскери жаттығуға бір ауысымда 100 адам қатысқан. Әскери тексеру жиынына шақырылғандардың бір шамасы отан алдындағы борышын өтеп келгендер болса кейбірі әскери кафедраны аяқтағандар. Олар бір апта көлемінде, әскери дайындық сабақтарынан өтті. Аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тапсырылған нысандарды күзетіп, қорғады. Қарсыластың диверсиялық-барлау топтарымен күресті ұйымдастыру бойынша дайындықтарын жетілдіріп, тәжірибе алмасты.
Аймақ басшысы Гвардейск гарнизонына қарасты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Мәтібұлақ» оқу-жаттығу полигонында әскери қару-жарақтардың, жас сарбаздар мен әскери міндеттілердің дайындық нәтижелерімен танысты.Айта кету керек, быио оқу-жаттығуларды өткізуге 502 миллион теңге қаралған. Өткен жылы бұл қаржы 120 млн. теңгені құрады.
– Президент тапсырмасына сәйкес аумақтық қорғаныс бригадасының штаттық бірлік күшін көбейту үшін инфрақұрылым қамтамасыз етілген нысан анықталып шешім қабылданды. Біздің жоспарымызға сәйкес біз келесі жылы 100 адам тұрақты қызмет жасайтын сондай бір әскери бөлімді ашамыз деп отырмыз,-дейді Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі
Нұржан Нұржігітов полигонның байланыс торабы, жатын орны, медициналық пункті мен асханасының жай-күйімен танысты. Бұдан соң, тексеру жиынына атсалысқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Аймақ басшысы аумақтық қорғаныс бөлімшерінің жағдайын жақсарта түсу бойынша жауаптыларға ұсыныстар беруді тапсырды. Айта кету керек, дәл осындай жиын үстіміздегі жылдың сәуір айында Жуалы ауданының аумақтық қорғаныс бөлімшелерімен жоғарғы деңгейде өткізілген болатын.