11,1 МЫҢ ТОННА ШЕКЕР ӨНДІРІЛДІ
Қант қызылшасы – елімізде қант алуға арналған негізгі шикізат және оның өндірілу деңгейі елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Бұл қайта өңдеу тұрғысынан барынша сұранысқа ие дақылдың бірі болғандықтан, биыл жамбылдық шаруалар 5,5 мың гектарға қант қызылшасын отырғызды. Бүгінгі күні бұл алқаптардан 173,1 мың тонна тәтті түбір жиналып, өткен жылмен салыстырғанда 45,8 мың тоннаға артты және әр гектардан алынған орташа өнім 415,7 центнерді құрады.
Амангелді АЯҒАНОВ «ҚЫЗЫЛША ЖЕР» ЖШС-НІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
Өте пайдалы әрі табысты іс. Неғұрлым ерте ексең, өнім де мол болады. Бұл өсімдік 5 градус суыққа дейін төзеді. Оның үстіне мемлекеттен жан-жақты қолдау бар. Биыл 900 гектарға балтамыр егіп, әр гектарынан 600 центнерден өнім алуға қол жеткіздік. Келесі жылы егіс көлемін ұлғайтуды көздеп отырмыз.
Айта кету керек, облыс бойынша жиналған өнімнің 117,1 мың тоннасы қант зауытына өткізіліп, одан 11,1 мың тонна шекер өндірілді.
Биыл қант қызылшасына берілетін қолдаудың көлемі тоннасына 30 мың теңгені құраса, оның 15 мың теңгесі қант зауытынан, қалған 15 мың теңгесі мемлекет тарапынан төленді. Қазіргі уақытта 80 шаруашылыққа 1 504,3 млн. теңге субсидия берілді.
Ал, 2023 жылы қант қызылшасына берілетін мемлекеттік қолдау 40 мың теңгеге жетеді. Яғни, қант зауыттары төлейтін сома 15 мың теңге, мемлекеттің қолдау қаржысы 25 мың теңгені құрайды. Осылайша тәтті түбір алқабын 10,0 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Тәжірибелі шаруашылықтар әр гектардан 800 центнерге дейін өнім алатын жаңа технологияларды қолданса, қант зауыттары жұмысты дұрыс ұйымдастырып отырған барлық шаруалардың 65-70 пайызын тұқыммен қамтамасыз етеді.
Жалпы қант қызылшасы алқабының көлемін арттыру, бірінші кезекте өз-өзімізді шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл әлбетте сырт елге тәуелділіктен арылтады. Президенттің жергілікті билікке қойған міндеті де осыған саяды.