АРАЛ ТЕҢІЗІ БАССЕЙНІНДЕ 40-ТАН АСТАМ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР
Астанада Қазақстанның төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының екінші отырысы өтті. Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық етті, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Жиынға су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Тәжікстан Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзода және Түрікменстанның ауыл шаруашылығы министрі Чарыяр Четиев қатысты. Сондай-ақ бақылаушы ретінде Қырғыз Республикасының Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрлігі Су ресурстары қызметі директорының орынбасары Абдыбай Жайлообаев қатысты.
Қанат Бозымбаев өз сөзінде халықаралық қауымдастықтың Арал мәселесіне қатысты нақты шешімдер күтетінін атап өтті. Оның айтуынша, Арал теңізінің тағдыры мен трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану – аймақтық қана емес, жаһандық деңгейдегі маңызды міндет. Бұл мәселелер орнықты даму, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікпен, сондай-ақ миллиондаған адамның өмір сапасымен тікелей байланысты.
Кездесуде тараптар 2025 жылғы сәуірде өтетін Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне дайындық барысын және Қазақстанның 2024–2026 жылдардағы төрағалығы кезеңіндегі Атқарушы комитеттің жұмыс жоспарын талқылады. Сонымен қатар Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы мен Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламаның орындалу барысы қаралды.
Қазіргі таңда Арал теңізі бассейнінде 42 экологиялық жоба жүзеге асырылуда. Бұған қоса, Дүниежүзілік банктің қолдауымен екі аймақтық гранттық жобаны іске қосу мүмкіндігі зерделеніп жатыр.
Отырыста Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің 26 наурызды Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялау туралы ұсынысы назарға алынды.
Жиын соңында Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының шешімдеріне қол қою рәсімі өтті.