BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ТОҚАЕВ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ МҮМКІНДІГІ МОЛАЙҒАН САЙЫН, ҚАУПІ ДЕ АРТАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge форумында жасанды интеллектінің дамуы, оны реттеу және қауіпсіз қолдану мәселелеріне тоқталды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллект өнеркәсіп, қаржы, білім, ғылым, мемлекеттік басқару және адам өміріне елеулі өзгеріс әкеліп жатыр. Форум аясында есептеу инфрақұрылымы, ауқымды тілдік модельдер, робот техникасы, өнеркәсіптегі жасанды интеллект, заңнама және қауіпсіздік мәселелері талқыланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның цифрлық мемлекет қалыптастыру бағытындағы жетістіктерін атап өтті. Былтыр отандық IT-қызметтердің экспорты 1 млрд доллардан асқан. Қазақстанның цифрлық шешімдері әлемнің 100-ден астам елінде қолжетімді.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласында жасанды интеллектіні қолдануға қатысты нақты міндеттер тізімін әзірлеуді және оның негізінде қазақстандық әрі шетелдік командалар қатысатын AI Challenge ұйымдастыруды ұсынды. Үздік жобаларды өндіріске енгізу жоспарланып отыр.

Президент жасанды интеллектіні реттеу кезінде қауіпсіздік пен инновация арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігін айтты.

– Аталған саланы шамадан тыс реттеуге болмайды. Өйткені әлеуеті зор командалар мен әзірлемелер және капитал басқа юрисдикцияларға кетіп қалуы ықтимал. Сондықтан қарапайым қағиданы ұстанған жөн: азаматтардың қауіпсіздігі, құқықтары мен аса маңызды мүдделері сынға түскен жағдайда, талаптар қатаң болуға тиіс, алайда шектен шықпаған дұрыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы адам капиталын дамытуға да басымдық берді. Оның айтуынша, ғалымдар, инженерлер мен кәсіпкерлерсіз технологиялық серпіліс жасау мүмкін емес. Осыған байланысты жаңадан ашылған Qazaq AI Research University-ге өндіріс пен экономика сұранысына сай ғылыми зерттеулер жүргізу міндеті қойылған.

Сонымен қатар AI+X моделі арқылы жасанды интеллектіні өндіріс, энергетика, медицина, қаржы және мемлекеттік басқару салаларында қолдану көзделіп отыр.

Президент жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын құрал емес, білім алу үдерісіне көмекші тәсіл болуы керектігін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәдениетін қалыптастырудың маңызын да айтты. Киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, ақпараттың сенімділігі, алгоритмдердің ашықтығы және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік мәселелерін назардан тыс қалдырмау қажет екенін жеткізді.

–  Жасанды интеллект – жаһандық құбылыс. Ешбір мемлекет оның әлеуетін жалғыз өзі толық пайдалана алмайды. Бізге халықаралық деңгейдегі білім алмасу, бірлескен зерттеулер, инвестициялар қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жастарды жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға, сонымен бірге сыни ойлау мен білімді қатар дамытуға шақырды.

–  Жастарымыз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жасанды интеллектіні еркін меңгерген, әр нәрсеге сын көзбен қарайтын білімді тұлға болып қалыптасқаны маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөз соңында AI & Digital Bridge форумы таланттар мен идеяларды біріктіріп, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *