ЖАМБЫЛДЫҚ ҒАЛЫМДАР АРАЛДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ ҮЛЕС ҚОСЫП ЖАТЫР
Арал теңізінің тартылған табанын қалпына келтіру жұмыстарына жамбылдық ғалымдар да өз үлесін қосып келеді. Олар Жамбыл облысында өндірілетін фосфогипсті пайдаланып, тұзданған топырақтың құрамын жақсартудың тың тәсілін қолға алған. Үш жылға жуық уақыт жүргізілген ғылыми тәжірибе алғашқы нәтижесін көрсетіп, құрғаған алқаптарда өсімдіктер қайта көктей бастаған, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Бір кездері әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған Арал теңізінің бүгінгі ахуалы көпшілікке мәлім. Теңіздің тартылуы салдарынан құрғаған табанның топырағы тұздануға ұшырап, өсімдік өсуіне қолайсыз жағдай қалыптасты. Осы экологиялық мәселеге тосқауыл қою мақсатында жамбылдық мамандар «Қазфосфат» кәсіпорнынан шығатын фосфогипсті кәдеге жаратуды ұсынған.
Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары бұл әдісті бұған дейін де зерттеп келген. Суармалы аумақтардың мелиорациясы мен экологиясы бөлімінің меңгерушісі Раушан Жайсамбекованың айтуынша, топырақтың тұздануы – өзекті мәселелердің бірі. Су буланған кезде оның құрамындағы тұз жер бетіне шығып, топырақтың қайта тұздануына әкеледі. Сондықтан фосфогипсті қолдану арқылы жердің құрамын жақсарту жұмыстары 2000 жылдардан бері жүргізіліп келеді.
Алғашында ғалымдар бұл әдісті ауыл шаруашылығы алқаптарында қолданып, оң нәтижеге қол жеткізген. 2024 жылы «Қазфосфат» кәсіпорны, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясы және Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бірлесіп, жобаны Арал өңірінде жүзеге асыруға кірісті.
Ғылыми жұмыстың алғашқы нәтижелері де көңіл қуантады. Институттың суармалы аумақтардың мелиорациясы мен экологиясы бөлімінің аға қызметкері Александр Басмановтың сөзінше, 2025-2026 жылдары жүргізілген зерттеулер күткен нәтижені көрсете бастаған.
- Соңғы 2025-2026 жылдары жүргізген зерттеуіміз бен әдістеріміз оң нәтижесін беріп жатыр. Ондағы өсімдіктер қайта тірілді. Сырт көзге де топырақтың өзгергені байқалады. Өсімдіктер жапырақ жайып келеді, – дейді Александр Басманов.
Жоба аясында Арал өңіріндегі төрт тәжірибелік учаскеге 120 тонна фосфогипс жеткізілген. Әр гектарға шамамен 40 тоннадан өндірістік қалдық енгізілген. Одан кейін топырақ өңделіп, табиғи жағдайға төзімді сексеуіл, сарсазан және қарабарақ көшеттері отырғызылған.
Зерттеу барысында топырақ құрамындағы алмаспа кальций мөлшерінің артқаны, оның құрылымында оң өзгерістер байқалғаны анықталды. Егілген өсімдіктердің өніп шығу көрсеткіші шамамен 70 пайызға жеткен. Тіпті тәжірибелік учаскелердің бірінде алма мен жүзімнің алғашқы өнімі алынған.
Айта кетейік, 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қорының президенті болып сайланған болатын. Қазақстан ұйымға үш жыл бойы төрағалық етеді. Осы кезеңде Арал теңізін сақтауға, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекетаралық ғылыми және практикалық жобаларды жүзеге асыру көзделген.
Жамбылдық ғалымдардың зерттеуі де осы бағыттағы жұмыстардың бір бөлігі. Өндірістік қалдықты тиімді пайдалану арқылы экологиялық мәселеге ғылыми шешім ұсыну – жобаның басты ерекшелігі. Ал алғашқы нәтижелер құрғаған жерлерге қайта тіршілік дарытуға мүмкіндік бар екенін көрсетіп отыр.
Гүлнар Тайжан

