АТА-АНАЛАРЫН БЕЙНЕБАЙЛАНЫС АРҚЫЛЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қарттар күніне орай Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД-ның №59 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар ата-аналары мен жақындарын бейнебайланыс арқылы құттықтады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Бейнеқоңырау барысында сотталғандар ата-аналарына жылы лебіздерін білдіріп, дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларына амандық тіледі.
Өз кезегінде ата-аналар балаларына ақ тілектерін айтып, түзелу жолында табандылық танытып, алдағы уақытта отбасы мен қоғамға пайдалы азамат болуларына тілектестік білдірді.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер сотталғандардың туған-туыстарымен байланысын нығайтып, отбасылық құндылықтарды сақтауға және қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал етеді.
Қарттар күніне орай мекеме қызметкерлері аға буын өкілдеріне зор денсаулық, отбасылық амандық пен ұзақ ғұмыр тіледі.

