ТОҚАЕВ ҰҚК ЖАҢА ТӨРАҒАСЫНА БІРҚАТАР МІНДЕТ ЖҮКТЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен жиын өткізіп, ведомствоның жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырды. Кездесу барысында ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмысын жетілдіру, қызмет тиімділігін арттыру және алдағы кезеңдегі басым міндеттер талқыланды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Президент ұлттық қауіпсіздік комитеті жүйесін реформалап, ведомство алдына қойылған мақсаттарға жетудің жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ қызметтің нәтижелілігін арттырып, мемлекеттік мүддені қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға, ел экономикасындағы ұлттық мүддені қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлық пен өзге де құқық бұзушылықтарға қарсы күреске басымдық беру керектігін айтты.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы кадрларды іріктеу тәртібін жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қатерлердің алдын алу мәселелеріне тоқталды. Мемлекеттік маңызы бар бағдарламаларды іске асыру кезінде жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған алдын алу шараларын күшейтуді жүктеді.
Жиын қорытындысында Президент ұлттық қауіпсіздік органдарының алдына қойылған міндеттерді сапалы орындап, ведомство жұмысын жаңа талаптарға сай ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
