BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ӨРТ ҚАУІПТІ КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНДЫҚ: ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ЖЕДЕЛ ШТАБ ОТЫРЫСЫН ӨТКІЗДІ

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штаб отырысын өткізді, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Жиында 2026 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері қаралды. Премьер-министр даладағы қызыл жалынның орман қорына өтуі мүмкін екенін ескертті. «Өрттер флора мен фаунаға айтарлықтай зиян келтіреді. Барлық қызметтер жедел әрекет етуге дайын болуы тиіс», — деді Олжас Бектенов.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков өз ведомстволарының дайындық барысын баяндады. Сонымен қатар Абай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстары әкімдері өңірлердегі жағдайды жеткізді.

Жыл басынан бері елімізде 794 гектар орман өрті тіркелген. «Қазгидромет» болжамына сәйкес, көктем-жаз кезеңі қалыптыдан 1–2 градусқа жоғары болады, сәуірдің екінші жартысында оңтүстік пен батыста температура +25…+35°C-қа жетуі мүмкін. Сол себепті республикалық іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып, орман мекемелері техникалық жаңартудан өткізілуде.

Төтенше жағдайлар министрлігі 50 мыңнан астам жеке құрам мен 11 мың техника, сондай-ақ 5 мың қызметкер, 853 техника, 26 әуе кемесі мен 218 ұшқышсыз аппаратты жедел әрекетке дайындаған. Өрттерге тәулік бойы мониторинг жүргізу үшін цифрлық және ғарыштық жүйелер қолданылып, шекаралас мемлекеттермен өзара іс-қимыл алгоритмі жаңартылды.

«Ауыл құтқарушылары» желісін дамыту жалғасуда: қазір 167 бекет жұмыс істейді, 700-ге дейін ұлғайтылады. Мамыр айында Қостанай облысында «Өрт-2026» трансшекаралық оқу-жаттығулар жоспарланған. Tasqyn жүйесі арқылы өрт қауіптілігін модельдеу және жылу нүктелерін анықтау уақыты қысқартылған.

Облыс әкімдері алдын алу шаралары, патрульдеу, ерте анықтау жүйелерін енгізу, материалдық-техникалық базаны нығайту, өрт сөндіру бекеттерін дамыту туралы баяндады. Жыл басынан бері тіркелген орман өрті ешқандай зардапсыз жойылған.

Премьер-министр өңірлерге профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, қорғаныс белдеулерін құру, аумақтарды тазалау, техника мен су көздерін дайындау, азаматтық қорғау күштерін жетілдіруді тапсырды. Сонымен қатар республикалық және өңірлік іс-шараларды сапалы жүзеге асыру, өрт қауіпті жерлерде бақылау бекеттерін көбейту, пилотсыз аппараттар мен әуе патрульдерін тиімді пайдалану маңызды екені айтылды.

Тапсырмалардың орындалуын үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *