BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

СТЕПНОГОРСК ПЕН КӨКШЕТАУДАҒЫ ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІН ЖӨНДЕУГЕ 3,9 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Президент тапсырмаларын орындау аясында Үкімет Ақмола облысындағы Степногорск пен Көкшетау қалаларының жылу инфрақұрылымын жаңғыртуға 3,9 млрд теңгеден астам қаржы бөлді, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Қаражат Үкімет резервінен қарастырылып, инженерлік желілер мен жылу көздерінің тозуын азайтуға бағытталып отыр.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Бөлінген қаржының басым бөлігі — шамамен 2,7 млрд теңге — Степногорск қаласындағы ұзындығы 7,5 шақырым болатын магистральдық жылу желісін жөндеу жобасын аяқтауға жұмсалады. Ал Көкшетау қаласына бағытталған 1,2 млрд теңге №1 және №2 қазандықтардың жабдықтарын, жүйелерін және энергетикалық тораптарын қалпына келтіруге беріледі.

Қазіргі таңда Көкшетауды екі қазандық жылумен қамтамасыз етіп отыр, негізгі жүктеме №2 қазандыққа тиесілі. Бұған дейін Үкімет резерві есебінен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қаладағы жабдықтардың тозу деңгейі 44 пайыздан 42 пайызға дейін төмендеген. Ал Степногорскте 7,1 шақырым жылу желісі жаңартылып, тозу көрсеткіші 71,4 пайыздан 68 пайызға қысқарған.

Жалпы, аталған жобалар өңір тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз етуге, апаттық жағдайлардың алдын алуға және алдағы жылыту маусымын қалыпты өткізуге мүмкіндік береді.

Үкіметтің жүйелі жұмыстарының нәтижесінде 2025 жылы ел бойынша 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар 323 шақырым жылу желісі жаңартылып, 17 мың шақырым электр желісі мен 420 қосалқы станса жөнделді. Соның нәтижесінде электр стансаларындағы тозу деңгейі 53 пайызға, жылу желілерінде 50 пайызға дейін төмендеген.

Бұдан бөлек, 8 жылу электр орталығы тәуекел аймағынан шығарылды: бесеуі «қызылдан» «сарыға», үшеуі «сарыдан» «жасылға» өткен. Қазір бірқатар өңірлерде жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *