АСТАНАДА АЛТЫН ОРДА МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ҚАРАРЫ ҚАБЫЛДАНДЫ
Астана қаласында 19-20 мамыр күндері «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық ғылыми симпозиум өтіп, оның қорытындысы бойынша арнайы Қарар қабылданды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Ауқымды ғылыми жиынға әлемнің 23 елінен келген 300-ден астам жетекші ғалымдар, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты. Басқосу барысында Алтын Орда мұрасын жан-жақты зерттеу мен насихаттауға қатысты ортақ ғылыми ұстанымдар талқыланып, халықаралық деңгейде бірізді бағыт айқындалды.
Симпозиум Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалығымен, ЮНЕСКО қолдауымен өтті. Іс-шараға халықаралық және өңірлік деңгейдегі бірқатар беделді тұлғалар қатысты. Олардың қатарында ЮНЕСКО өкілдері, Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Татарстанның мәдениет министрі Ирада Аюпова, Франциядағы «La France s’engage» қорының президенті Одрэ Азуле, Моңғолия мен Өзбекстан ғылым академияларының басшылары және басқа да ғалымдар бар.
Қарар пленарлық және секциялық отырыстар барысында қабылданды. Оған ғылыми орталықтар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ гуманитарлық және білім беру саласындағы мамандар қатысты. Құжатта Алтын Орда мұрасының тарихи, мәдени және өркениеттік мәні кеңінен сараланып, ортақ ғылыми тұжырымдар бекітілді.
Қабылданған құжатта Қазақстанның Алтын Орда мен Ұлы дала өркениетін зерттеу бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бастамаларына қолдау білдірілді. Сонымен қатар ғылыми диалогты дамытуға ықпал етіп отырған ЮНЕСКО-ға алғыс айтылды.
Қарарда Алтын Орданың көпэтносты әрі көпконфессиялы қоғам үлгісі болғаны, әртүрлі халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарғаны атап өтілді. Сондай-ақ оның саяси мәдениет, халықаралық сауда, дипломатия, құқықтық жүйе, өнер мен қолөнердің дамуына қосқан үлесі кеңінен көрсетілген.
Бұдан бөлек, Алтын Орда дәуіріне қатысты археологиялық ескерткіштерді қорғау, материалдық емес мәдени мұраны сақтау және дәріптеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ғалымдарға арналған халықаралық тағылымдамалар, бірлескен зерттеу жобалары мен академиялық ұтқырлықты кеңейту бастамаларына да қолдау білдірілді.
Симпозиум қатысушылары Алтын Орда мен Ұлы дала өркениетіне қатысты пәнаралық зерттеулерді дамытуға ниетті екенін жеткізді. Мұндай бастамалар Орталық Еуразия елдері арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтып, ұзақ мерзімді ғылыми әріптестікке жол ашатыны айтылды. Сондай-ақ Қазақстан тарапына іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірілді.
Қабылданған Қарар алдағы уақытта ғылыми, білім беру және мәдени-гуманитарлық бағыттағы жұмыстарға негіз болатын құжат ретінде қарастырылып отыр. Ол халықаралық академиялық ынтымақтастықты күшейтуге және ортақ тарихи мұраны жүйелі зерттеу мен қорғауға бағытталған ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға жол ашады.

