САПАЛЫ ҚҰРЫЛЫС – ДҰРЫС ЖОСПАРЛАУ МЕН ЖОБАЛАУДАН БАСТАЛАДЫ
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте сәулет және қала құрылысы саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Жиында басқарма басшысы Әлібек Аманбай атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, қолайлы орта қалыптастыруға қатысты ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірдегі 375 елді мекеннің барлығы қала құрылысы құжаттарымен қамтамасыз етілген. 2025 жылы Тараз қаласындағы 44 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы мен аудандардағы 76 елді мекеннің бас жоспары «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» ақпараттық жүйесіне енгізіледі.
Қазіргі таңда 5 аудандағы 36 елді мекеннің бас жоспарын, сондай-ақ Тараз қаласының 44 егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу және түзету жұмыстары жүргізілуде. Ал Жамбыл ауданындағы 6, Жуалыдағы 7, Мойынқұмдағы 15, Т.Рысқұлов ауданындағы 7 және Шу ауданындағы 5 елді мекеннің жоспары әлі ақпараттық жүйеге енгізілмеген.
Аймақта 152 нысанның құрылысы «қызыл сызық» талаптарын сақтамай салынғаны анықталған. Оның басым бөлігі Тараз қаласында, сондай-ақ Талас, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында орналасқан.
«Сәулеттік бюро» КММ директоры Бауыржан Сұлтанбек ұсынған мәліметке сәйкес, басқармалар мен әкімдіктерден келіп түскен 61 жобалық-сметалық құжаттамаға талдау жүргізілген. Нәтижесінде 25 құжат мақұлданып, 15-іне ұсыныс жасалған. Сонымен қатар 5 жоба кері қайтарылып, 16-сына келісім берілмеген.
Облыс әкімі құрылыс сапасына әсер етіп отырған жобалық-сметалық құжаттамалардың кемшіліктерін атап өтті. Оның айтуынша, «Сәулеттік бюроға» ЖСҚ әзірлеу функциясы жүктелгенімен, аталған мекеме, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері және облыстық басқармалар арасындағы үйлестіру жеткіліксіз болып отыр.
Аппараттық кеңес қорытындысында Ербол Қарашөкеев қала және аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларының жауапкершілігін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ барлық елді мекеннің бас жоспарын «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» жүйесіне толық енгізу, «сақалды» құрылыстардың иелерімен келіссөздер жүргізу, құрылыс нормаларын бұзған нысан иелеріне заң аясында шара қолдану міндеттелді.
Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін қайта жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді жоспар әзірлеп, оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажеттігі айтылды.