СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ТӨЗБЕУШІЛІК МӘДЕНИЕТІ – ҚОҒАМДЫҚ БАСЫМ БАҒЫТ
Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде жүргізіліп келеді, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Бұл бағыттағы негізгі құқықтық негіз «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң мен 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамаға сүйенеді. Құжаттарда ашықтықты күшейту, есептілікті арттыру және жемқорлықтың алдын алу тетіктері нақты айқындалған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» идеясы аясында қоғамда «Адал азамат» қағидаты кеңінен насихатталып отыр. Бұл ұстаным мемлекеттік қызметтегі адалдық пен кәсібилікті күшейтуді көздейді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының пікірінше, қызметшінің басты өлшемі – тек біліктілік емес, сонымен бірге ішкі тазалық пен жауапкершілік.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бір реттік науқан емес, ол үздіксіз жүргізілетін жүйелі жұмыс. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Жамбыл облысында осы бағытта 47 іс-шара өткізіліп, оған 2420-дан астам адам қатысқан. Бұл қоғамның құқықтық мәдениетке деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Аймақтағы ведомствоаралық комиссия отырыстарында жемқорлық тәуекелдерін азайту мәселелері қарастырылып, әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларына ерекше назар аударылған. Мұндағы басты мақсат – бюджет қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.
Салада комплаенс-офицерлердің рөлі де күшейіп отыр. Олар мемлекеттік мекемелердегі ішкі бақылау мен адалдықтың сақталуын қадағалайды. 2026 жылдан бері олардың біліктілігін арттыруға арналған оқыту семинарлары тұрақты түрде өтіп келеді.
Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда жастармен жұмыс та маңызды бағыттардың бірі. «Болашақ прокурорлар» клубымен өткен кездесулерде құқықтық сауаттылық, адалдық және әділдік мәселелері кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар, Тектұрмас тарихи-этно кешенінде өткен «Әділдік пен адалдық – біздің ертеңіміз!» атты флешмоб-челленджі жастардың белсенділігін арттырып, қоғамда парасаттылық идеясын насихаттауға үлес қосты.
Алдағы уақытта «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» жобалары аясындағы жұмыстар жалғаса бермек. Жастарды түрлі форумдар, пікірсайыс алаңдары мен волонтерлік бастамаларға тарту көзделіп отыр. Негізгі мақсат – оларды қоғамдағы адалдық пен ашықтықты дәріптейтін белсенді күшке айналдыру.
Жалпы, мамандардың айтуынша, жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заң үстемдігі мен адалдық қағидаты қатар орныққанда ғана әділетті қоғам қалыптасатыны айтылып отыр.

