BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ ЕРЛАН ҚОШАНОВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдап, Парламенттің заң шығару жұмыстары мен Конституциялық реформаны іске асыру барысы туралы ақпарат алды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Кездесу барысында Мәжіліс спикері Конституциялық реформаның практикалық жүзеге асуына бағытталған заңнамалық жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, Парламент жаңа Конституция нормаларын орындау үшін 7 конституциялық заңды уақытында әрі сапалы қабылдаған. Олардың қатарында «Президент туралы», «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Халық кеңесі туралы», «Астана мәртебесі туралы», «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» және өзге де құжаттар бар. Бұл заңдар қоғам өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен ашық форматта әзірленген.

Сессия басталғалы бері Мәжіліс барлығы 89 заң қабылдап, оларды Сенатқа жолдаған. Олардың ішінде Құрылыс және Цифрлық кодекстер, жасанды интеллект, банк қызметі, құқықбұзушылықтың алдын алу, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге өзгерістер, мемлекеттік қызмет, мемлекеттік наградалар, ғылым, педагог мәртебесі, сыбайлас жемқорлықпен күрес және жеке сот орындаушыларының қызметіне қатысты заңдар бар.

Қазіргі уақытта депутаттардың қарауында 80 заң жобасы талқылануда. Бұл қатарда рақымшылық, цифрландыру және жол қауіпсіздігі, жергілікті басқару, телекоммуникация саласын дамыту, машина жасау, техникалық және кәсіптік білім беру, нотариат және басқа да бағыттарға қатысты құжаттар бар.

Ерлан Қошановтың айтуынша, сессия соңына дейін Мәжіліс Жоғары аудиторлық палатаның ғылым саласына бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысты есебін, 2025 жылғы республикалық бюджетке байланысты Үкімет пен ВАП қорытындыларын, сондай-ақ депутаттардың өңірлерге сапары барысында түскен азаматтар өтініштерінің орындалу барысы жөніндегі ақпаратты тыңдауды жоспарлап отыр.

Сонымен бірге Мәжіліс жұмысының негізгі бағыты ретінде ашықтық пен сарапшылар қауымымен тығыз байланыс айрықша аталып өтті. Бұл мақсатта Қоғамдық палата отырыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Кездесу барысында Президентке парламенттік дипломатия аясындағы жұмыстардың қорытындылары да баяндалды. Мәжіліс ТҮРКПА, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы және өзге де халықаралық ұйымдар шеңберіндегі қызметін де таныстырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *