ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АРНАУЛЫ ӨКІЛІН ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасы Президентінің арнаулы өкілі – Президент Әкімшілігінің басшысы Кан Хун Шикті қабылдады, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Президент Кореяны Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде атап, екіжақты ынтымақтастық қарқынына жоғары баға берді. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге ниетті екенін жеткізді.
Өкіл Кан Хун Шик қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстандағы жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдумның сәтті өтуіне байланысты Президент Ли Чжэ Мёңнің құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, Корея Республикасының сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды күшейту, әртүрлі салаларда бірлескен жобаларды іске асыру арқылы өзара қатынасты жаңа деңгейге көтеру маңызды екенін атап өтті.
Кездесу барысында жаһандық нарықтағы қазіргі сын-қатерлерге байланысты энергетика мен көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Кездесу соңында Кан Хун Шик Президент Ли Чжэ Мёңнің Қазақстан Президентін Кореяға сапармен шақыратынын және биыл қыркүйекте Сеулде өтетін «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне қатысуға шақыратынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруды ризашылықпен қабылдап, алдағы жоғары деңгейлі келіссөздердің екі ел ынтымақтастығын одан әрі нығайтып, Орталық Азия – Корея форматына жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Мемлекет басшысы сондай-ақ Кан Хун Шиктің сапарының маңыздылығына тоқталып, Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёңге ыстық лебізін жолдады.
– Сіздің сапарыңыз қазақ-корей ынтымақтастығын тереңдетуге үлкен мүмкіндік береді. Бірлескен күш-жігеріміз елдеріміз арасындағы байланыстарды арттырады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

