BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 450 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЕКІ ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

Жамбыл облысында жоғары энергиялы материалдар өндіретін екі бірдей зауыт бой көтермек. Бұл жобаға 450 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев пен «Barys Dynamics» холдингінің жетекшісі Айбек Барыс өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Кездесуде өнеркәсіп және қорғаныс-өнеркәсіп саласына қажетті өнім шығаратын жоғары технологиялы өндіріс кешенін іске қосу жайы талқыланды.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асады. Барлығы төрт сатыдан тұратын жоспар толық орындалса, шамамен 1100 адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл өз кезегінде өңірдегі еңбек нарығына серпін беріп, жергілікті мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік туғызады.

Келіссөз барысында өндіріс орындарының инфрақұрылымын қалыптастыру мәселесіне ерекше мән берілді. Атап айтқанда, инженерлік желілер мен көлік қатынасын дамыту, сондай-ақ экологиялық талаптар мен өндірістік қауіпсіздік басты назарда болады.

Жаңа кәсіпорындар халықаралық талаптарға сай жұмыс істеп, заманауи технологияларды қолданады. Жобаға шетелдік технологиялық серіктестердің қатысуы қарастырылған. Бұл өндірістің сапасын арттырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де кеңейтуге жол ашады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *