BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АСТАНАНЫ ДАМЫТУҒА ҚАТЫСТЫ БІРҚАТАР НАҚТЫ ТАПСЫРМА БЕРДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте елорданың әлеуметтік-экономикалық өсімі, инфрақұрылымды жаңғырту және қала өмірінің сапасын арттыруға бағытталған басым міндеттер туралы айтты, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, Астана қарқынды дамып келеді және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша ел ішінде көш бастап тұр. Соңғы 11 айда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 118,6 пайызды құраған. Инвестиция, құрылыс, шағын және орта бизнес салаларындағы өсім жоғары деңгейде сақталған. Биыл елордада шамамен 5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл республика бойынша салынған баспананың төрттен біріне тең.

Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібі, сауда және қала бюджетінің кірісі де айтарлықтай артқанын атап өтті. 2024 жылы Астананың өңірлік жалпы өнім көлемі 15 триллион теңгеден асқан, ал алдағы уақытта бұл көрсеткіш 17 триллион теңгеге жетеді деп күтілуде. Қала халқының саны 1,6 миллион адамға жеткен.

Кеңесте Президент Астананың халықаралық рейтингтердегі орнына да тоқталды. Oxford Economics 2025 индексіне сәйкес, елорда Азияда 36-орынға, әлем бойынша 276-орынға тұрақтаған. Мемлекет басшысы бұл нәтижемен шектеліп қалмау керектігін айтып, алдағы жылдары рейтингтегі позицияны жақсартуға толық мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Жиында алты негізгі бағыт айқындалды. Атап айтқанда, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту, үйлесімді қала кеңістігін қалыптастыру, көлік-логистика инфрақұрылымын жетілдіру, коммуналдық желілерді жаңғырту, тұрғын үй құрылысының сапасын арттыру және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Президент Астанада Smart City жобасын жедел іске қосуды, Жедел басқару орталығының жұмысын толық жолға қоюды тапсырды. Сонымен қатар қаланың барлық аудандарын, соның ішінде шеткері аумақтарды абаттандыру, экологиялық мәдениетті нығайту және «Таза Қазақстан» бастамасын жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

Көлік саласына қатысты Мемлекет басшысы қоғамдық көліктің сапасын арттыру, жеңіл рельсті көлік жобасын толық іске қосу, жол инфрақұрылымын дамыту және көлік қауіпсіздігін күшейту қажеттігін айтты. Балалар арасындағы жол-көлік оқиғаларының көбеюі алаңдаушылық тудыратыны да атап өтілді.

Сонымен қатар коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымға түсетін жүктеменің артқанына назар аударылды. Президент сумен, жылумен, электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе екенін айтып, тиісті жобаларды уақтылы аяқтауды тапсырды.

Құрылыс саласына қатысты Мемлекет басшысы сапасыз құрылысқа жол берілмейтінін қатаң ескертті. Барлық құрылыс үдерісін цифрландыру, компаниялардың жауапкершілігін арттыру және еңбек қауіпсіздігін күшейту қажеттігі айтылды.

Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша денсаулық сақтау және білім беру нысандарын дамыту басты басымдық ретінде белгіленді. Президент мектеп тапшылығы мәселесіне ерекше тоқталып, жоспарлау мен демографиялық есептің маңызын атап өтті. Жеке мектептерді дамытуда бақылауды күшейту қажеттігі де айтылды.

Жиынды қорытындылай келе, Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың ел дамуына үлгі болуы тиіс екенін атап өтті. Барлық қойылған міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *