BASTY BETJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

«ТАЛДАУ» ОРТАЛЫҒЫНДА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЫСТЫ ТҰСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2026 жылғы 26 ақпанда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ-да конституциялық реформаның негізгі бағыттарына арналған семинар-кеңес өтті. Жиында жаңа Конституция жобасының басты қағидаттары сараланып, білім беру саласының қоғам дамуындағы орнына ерекше мән берілді – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Кездесу барысында ұсынылған құжаттың маңызды ерекшеліктерінің бірі – білім беру құндылықтарын Негізгі Заңның кіріспесінде айқындау екені атап өтілді. Орталық өкілдерінің пікірінше, бұл қадам білімнің ел дамуы мен ұлттық өрлеудегі стратегиялық маңызын күшейте түседі.

Орталық басшылығының мәліметінше, сапалы білім берудің конституциялық деңгейде бекітілуі талдау жұмыстарының мазмұнын да жаңаша бағытта жүргізуді талап етеді. Алдағы уақытта білім сапасының нақты нәтижелері мен әрбір білім алушының даму көрсеткіштеріне басымдық берілмек.

Талқылау кезінде адами капиталды дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырылды. Сарапшылар білім беру жүйесі жеке тұлғаның бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты факторлардың бірі екенін атап өтті. Бұл орталықтың білім жетістіктерін бағалау және мониторинг жүргізу бағытындағы қызметімен сабақтас.

Жиында зияткерлік меншік құқығының конституциялық деңгейде бекітілуі де сөз болды. Мұндай норма зерттеушілер мен жас ғалымдардың құқықтық қорғалуын күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қатысушылар цифрлық ортадағы дербес деректерді қорғау мәселесіне ерекше назар аударды. Білім беру жүйесінің жаппай цифрлануы жағдайында бұл бағыт стратегиялық мәнге ие. Мамандар цифрлық кеңістікте жеке өмірдің құпиялығын қамтамасыз етудің конституциялық кепілдіктерін талқылады.

Миллиондаған қатысушының деректерімен жұмыс істейтін орталық үшін ақпараттық қауіпсіздік талаптарын күшейту өзекті мәселе болып отыр. Осыған байланысты зерттеу үдерісінде киберқауіпсіздіктің заманауи тәсілдерін енгізу және деректерді иесіздендіру тетіктерін дамыту жоспарланған.

Кеңесте мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар да қаралды. Атап айтқанда, заң шығарушы билік құрылымын жаңарту, оны Құрылтай форматына көшіру, Вице-президент институтын енгізу және билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын Қазақстан Халық кеңесін құру мәселелері талқыланды.

Жиын қорытындысында «Талдау» орталығының ұжымы конституциялық реформаны қолдайтынын білдірді. Олардың пікірінше, жаңартылған Негізгі Заң қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында азаматтардың әлеуетін іске асыруға берік негіз қалыптастырады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *