ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ» АТТЫ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Жамбыл облысында жасөспірімдер арасында есірткіге қарсы көзқарас қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы өткізді – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, оған өңірге танымал спортшылар қатысты. Жасөспірімдер алдында басқарма қызметкері және аралас жекпе-жектен бірқатар республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері Нұрсұлтан Ынтызарбек сөз сөйледі.
Шараға сондай-ақ грэпплингтен әлем және Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Иса Нұрзат, Жамбыл облысының ММА бойынша аға жаттықтырушысы, «Жамбыл облысының үздік жаттықтырушысы» атағының бірнеше мәрте иегері Ерлан Сембеков және басқа да спортшылар қатысты.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері есірткі заттарын қолданудың адам денсаулығына тигізетін зияны мен оның ауыр салдары туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау, өткізу, насихаттау және жарнамалау әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатыны ескертілді.
Қатысушыларға Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер туралы да ақпарат берілді. Атап айтқанда, күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтар үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгені айтылды.
Өз кезегінде спортшылар жетістікке жету жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, тұрақты тәртіп, мақсатқа адалдық және зиянды әдеттерден бас тартудың маңызын атап өтті. Ашық әңгіме барысында жасөспірімдер сұрақ қойып, пікір алмасты.
Шара соңында белсенді қатысушыларға «Есірткісіз болашақ» жазуы бар естелік футболкалар мен бейсболкалар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттыруға, өмірлік ұстанымын нығайтуға және жеке жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған.

