BASTY BETJAŃALYQTAR

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА: «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында жаңа Конституция жобасына қатысты дөңгелек үстел өтті. 2026 жылғы 27 ақпанда ұйымдастырылған жиын Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын саралауға арналды. Басқосуға Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының, ғылыми орта мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Кездесу барысында Конституциялық реформа мемлекет дамуының жаңа кезеңі ретінде бағаланды. Қатысушылар бұл бастамалар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және әділ қоғам құруға бағытталғанын айтты. Ұсынылып отырған өзгерістер елдің саяси, құқықтық әрі әлеуметтік-экономикалық даму бағдарының ұзақ мерзімді негізін қалыптастыратыны атап өтілді.

Бас Прокурор Берік Асылов Негізгі Заңның преамбуласына «Заң мен тәртіп» қағидатын енгізу оның конституциялық құндылық ретіндегі рөлін күшейтетінін жеткізді. Сонымен қатар ол құқықтық мәдениетті арттыру, қоғамда заң бұзушылыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.

Дөңгелек үстелде жаңа Конституция жобасының практикалық қырлары да талқыланды. Мамандар заң алдындағы теңдікті қамтамасыз ету, құқықтық қорғау тетіктерін жетілдіру және заңнаманың біркелкі қолданылуын күшейту мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар құқық қорғау жүйесін сервистік модельге бейімдеу, азаматтардың заңды мүддесін қорғауды басты басымдық ету қажеттігі айтылды.

Құқық саласындағы цифрландыру бағыттары да назардан тыс қалмады. Жиында үлкен деректерді талдау және жасанды интеллект элементтерін қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. Мұнда жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін конституциялық кепілдіктерді нығайтуға ерекше мән берілді.

Қорытындысында қатысушылар мұндай талқылаулардың маңызын атап өтті. Сараптамалық қоғамдастық заңдылық, әділдік және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарына негізделген заманауи конституциялық модельді дамытуға атсалысуға дайын екенін білдірді. Жоба бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыру және қоғамдық пікір алмасуды кеңейту қажеттігі де айтылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *