ҚАЗАҚСТАН МЕН ӘЗЕРБАЙЖАН ПРЕЗИДЕНТТЕРІ ALEM.AI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барды. Мемлекеттер басшылары цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы жетістіктермен танысты, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға мемлекеттік үдерістерді басқару мен талдауға арналған AI-Driven Government ахуалдық орталығының тұжырымдамасын таныстырды. Бұл жүйе мемлекеттік басқарудағы шешім қабылдау үдерісін жетілдіруге бағытталған.
Сондай-ақ мемлекеттер басшыларына Smart City технологиялары, робототехника аймағы және түрлі салада жасанды интеллектіні енгізуге арналған «Самұрық-Қазына» жобалары көрсетілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Astana Hub инновациялық кластерін де аралап көрді. Мұнда 1800-ден астам IT-компания мен стартап тіркелген, оның ішінде шетелдік қатысуы бар 460-тан аса компания жұмыс істейді.
Сонымен қатар президенттерге халықаралық нарыққа шыққан қазақстандық компаниялардың өнімдері таныстырылды.