ТАРАЗДА МАС КҮЙДЕ КӨЛІК ЖҮРГІЗУДІҢ САЛДАРЫ ВИРТУАЛДЫ ШЫНДЫҚ АРҚЫЛЫ КӨРСЕТІЛДІ
Тараз қаласында полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстың жаңа тәсілін енгізіп, елімізде алғаш рет виртуалды шындық технологияларын қолдана отырып арнайы іс-шара өткізді. Жоба жол қауіпсіздігін арттыруға және жүргізушілердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Іс-шара барысында қатысушылар арнайы VR-көзілдіріктер арқылы интерактивті форматта жол қозғалысы ережелерімен танысып, әртүрлі жол жағдайларын модельдеу арқылы тәжірибе жасады. Сонымен қатар, алкогольдік масаң күйде көлік басқарған адамның жағдайын виртуалды түрде сезіну мүмкіндігі ұсынылды.
Симуляция кезінде бейненің бұлыңғырлануы, қозғалыс үйлесімінің бұзылуы, реакцияның баяулауы және арақашықтықты дұрыс бағаламау сияқты әсерлер көрсетілді. Қатысушылар өздерін нақты жағдайдың ішінде жүргендей сезінгендерін айтты.
Көптеген азаматтар қауіпсіз ортада өткен тәжірибенің өзінде алаңдаушылық пен қобалжу сезімі болғанын атап өтті. Олардың айтуынша, бұл тәжірибе мас күйде көлік жүргізудің нақты өмірдегі қаупін тереңірек түсінуге мүмкіндік берген.
Жол-көлік оқиғасының виртуалды сценарийі де көрсетіліп, құқық бұзушылықтың ықтимал салдары көрнекі түрде түсіндірілді. Симуляциядан кейін қатысушылар пікір алмасып, мұндай форматтың мәселені жаңаша қабылдауға әсер ететінін жеткізді.
Іс-шараға жас жол инспекторлары жасақтары да қатысып, тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолда сақ болуға шақырды.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері азаматтарды жеке қабылдап, жол қауіпсіздігі мен құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді.
Мамандардың айтуынша, виртуалды шындық технологиясын қолдану жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жолда жауапты мінез-құлық қалыптастыруға ықпал етеді.

