КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ БІРҚАТАР ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫ ТАҒАЙЫНДАУ НОРМАЛАРЫН ҚОЛДАНУ ТӘРТІБІН ТҮСІНДІРДІ
Конституциялық сот жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін бірқатар лауазымды тұлғаларды қайта сайлау және тағайындау тәртібіне қатысты нормаларды түсіндірді, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Соттың 2026 жылғы 7 шілдедегі №89-НҚ нормативтік қаулысында адамның белгілі бір қызметке бұған дейін сайлануы немесе тағайындалуы тек қолданыстағы Конституция талаптарына сәйкес есептелетіні көрсетілген.
Конституциялық сот мәліметінше, 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңдегі тиісті лауазымда атқарған қызмет мерзімі, сондай-ақ сол уақыттағы сайлану немесе тағайындалу фактілері жаңа Конституцияда белгіленген шектеулерді қолдану кезінде ескерілмейді.
Сот түсіндірмесінде Конституцияның 43-бабының 1-тармағында, 72-бабының 2 және 3-тармақтарында, 83-бабының 1-тармағында және 84-бабының 3-тармағында көрсетілген шектеулерді қолдану барысында 1995 жылғы Негізгі заң кезеңіндегі қызмет өтілі есепке алынбайтыны айтылған.
Осыған байланысты бұрынғы Конституция бойынша атқарылған қызмет жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін қайта сайлануға немесе тағайындалуға құқықтық кедергі болмайды.
Конституциялық сот бұл түсіндірмені президенттің өтініші негізінде берген. Сот шешіміне сәйкес, 1995 жылғы Конституция талаптарына сай тиісті лауазымдарды атқарған тұлғалар жаңа Конституция күшіне енген соң сол қызметтерге қайта сайлана немесе тағайындала алады.
Еске салайық, бұған дейін жаңа Конституция талаптарына сәйкес Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауына қайта қатысу мүмкіндігі туралы ақпарат тараған болатын.

