BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МИХАИЛ ШАЙДОРОВ ПЕН ОНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫЛАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ

Ақордада ХХV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл Олимпиаданың Қазақстан үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Президент Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алып, ел мерейін асырғанын айтты. Сондай-ақ спортшының әкесі мен бапкерлерінің еңбегіне алғыс білдіріп, олардың қажырлы жұмысы нәтижесінде әлемге мықты спортшы танылғанын жеткізді. Мемлекет басшысы Олимпиада чемпионы атану үлкен еңбек пен табандылықтың жемісі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жеңістің тарихи мәніне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан 32 жылдан кейін Олимпиаданың алтын жүлдесіне қол жеткізді. Сонымен қатар бұл – мәнерлеп сырғанаудан ел тарихындағы алғашқы алтын медаль. Президент Михаил Шайдоровтың табысы қазақстандық спорттағы жаңа буынның әлеуетін көрсеткенін атап өтті.

Мемлекет басшысы чемпионның әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегін де атап өтіп, ұлын үлкен спортқа баулып, барлық кезеңде қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ спортшының қазіргі бапкері, Олимпиада чемпионы Алексей Урмановтың кәсіби үлесіне жоғары баға берілді.

Президент спортшының жетістігіне салалық министрлік, федерация және Ұлттық Олимпиада комитетінің де үлес қосқанын айтты. Оның сөзінше, бұл жеңіс мыңдаған жасқа мотивация беріп, спортпен шұғылдануға серпін болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға тұрақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Олимпиададағы нәтижелер ел дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі екені атап өтілді. Сонымен қатар алдағы Қысқы Паралимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшыларға сәттілік тілінді.

Мемлекет басшысы екі жылдан кейін Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына дайындықты күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ 2029 жылы Алматыда өтетін Қысқы Азия ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыру міндеті жүктелді.

Салтанатты рәсім барысында ХХV Қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістігі үшін Михаил Шайдоров ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Оның бапкері әрі жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урманов ІІ дәрежелі «Достық» орденін алды. «Құрмет» ордені ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа және Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.

Өз кезегінде Михаил Шайдоров көрсетілген қолдау үшін Мемлекет басшысына және қазақстандықтарға алғыс айтты. Ол Олимпиада алтыны ортақ еңбектің нәтижесі екенін айтып, алдағы уақытта да ел сенімін ақтап, жаңа жетістіктерге ұмтылатынын жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *