ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ және еріктілермен бірлесіп «Есірткісіз болашақ» акциясын өткізді – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Іс-шара барысында заңсыз интернет-сілтемелер, граффити жазулар және есірткі заттарын таратуға бағытталған QR-кодтар анықталып, жойылды. Анықталған интернет-ресурстар бұғатталды.
Қазіргі уақытта заңсыз контентті орналастыруға қатысы бар тұлғаларды анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Акцияға қатысқан еріктілерге «Есірткісіз болашақ» акциясының белгісімен футболкалар мен бейсболкалар табыс етілді.
Полиция департаменті есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын насихаттаған немесе заңсыз жарнамалаған тұлғалар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады. Аталған бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар, есірткі заттарын «жасыру» тәсілімен тарату фактісі үшін ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жауапкершілік қарастырылған.
Егер сіз есірткіні сақтау, өткізу, притон ұстау, граффити жазулар салу немесе есірткіні интернет арқылы тарату фактілері туралы ақпаратқа ие болсаңыз, «Narko Shekteu Taraz» Telegram-боты немесе 102 (тәулік бойы) нөмірі арқылы хабарласа аласыз. Құпиялылық қамтамасыз етіледі.
Жамбыл облысы Полиция департаменті өңір тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытып, есірткі қылмысына бейжай қарамауға шақырады.

