BASTY BETJAŃALYQTAR

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН TED-X ФОРМАТЫНДАҒЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Университет қабырғасында даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының қаһармандық жолы мен рухани мұрасын дәріптеуге арналған «Қаһармандық жолы – заң мен тәртіптің үлгісі» тақырыбында TED-X форматындағы конференция ұйымдастырылды – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Шараның негізгі мақсаты – жастарға отансүйгіштік қасиетті сіңіру, құқықтық мәдениетті арттыру, заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, сондай-ақ батыр тұлғалардың өмір жолын насихаттау арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды.

Конференцияның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, университеттің «Мәдениет және өнер» кафедрасының студенттері «Ер ерлігі – ел есінде» атты әдеби-музыкалық композиция ұсынды. Көркем қойылым қатысушыларға рухани серпіліс сыйлап, батырдың рухына тағзым етуге мүмкіндік берді.

Жиынға «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Найзабаев, Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Айгерім Каукешова, 5513 әскери бөлімі, 1 жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Әліби Жақсылық, 125 International School тарих пәнінің мұғалімі, Instagram жобасының авторы Қуантай Сәт Айтуғанұлы қатысты.

Жиын барысында Бауыржан Момышұлының әскери шеберлігі, көшбасшылық болмысы мен рухани мұрасы жан-жақты талқыланды. Әлімбай Найзабаев батырдың қайсар мінезі мен тәртіпке негізделген өмірлік ұстанымына, шығармалары мен нақыл сөздерінің тәрбиелік мәніне тоқталды. Ол Момышұлының әскери психология, жауынгерлік тәртіп және көшбасшылық туралы ойлары қазіргі қоғам үшін де өзектілігін жоймағанын атап өтті.

Айгерім Каукешова заң мен тәртіптің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын сөз етті. Ол батырдың тәртіпке бағыну мен жауапкершілік қағидалары құқық қорғау саласындағы мамандар үшін үлгі екенін жеткізіп, жастарды құқық бұзушылықтан сақ болуға және саналы өмір салтын ұстануға шақырды.

Әліби Жақсылық конференцияда Бауыржан Момышұлының әскери тәжірибесі мен стратегиясының маңыздылығына тоқталып, қолбасшылық қабілеті мен жауынгерлерге қамқорлығы қазіргі әскери қызметшілер үшін өнеге екенін атап өтті. Ол әрбір сарбаздың басты міндеті – Отанға адал қызмет ету, антқа беріктік таныту және тәртіпті сақтау екенін еске салды.

Қуантай Сәт Айтуғанұлы өз баяндамасында батыр мұрасын насихаттауда заманауи ақпараттық алаңдардың рөлін атап өтті. Ол әлеуметтік желілер арқылы тарихи тұлғалардың өмірі мен ерлік жолын кеңінен таныстыруға мүмкіндік бар екенін, сондай-ақ жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда цифрлық жобалардың маңызы зор екенін жеткізді.

Конференция соңында қатысушылар батырдың ерлік жолы, әскери философиясы, тәртіп пен намысқа қатысты ұстанымдары жөнінде ой бөлісіп, еркін форматта пікір алмасты. Қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *