BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЖАҚСЫ ЖӘНЕ ҚАНАҒАТТАНАРЛЫҚ ЖАҒДАЙДАҒЫ ЖОЛДАР ҮЛЕСІ 99,5 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары облыста жүйелі түрде орындалуда – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Облыс аумағында инфляция деңгейін тұрақтандыру, жаңа Салық кодексін тиімді енгізу, цифрлық мемлекет құру, инвестиция тарту, заманауи өнеркәсіп салаларын дамыту, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен қолдану, сондай-ақ көлік және логистика саласын жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.

Елімізде 2025 жылы көлік-логистика саласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Қазақстан «Шығыс–Батыс», «Солтүстік–Оңтүстік» халықаралық дәліздерін, сондай-ақ Транскаспий халықаралық бағытын дамыту арқылы Еуразия құрлық көпірі ретінде қызметін кеңейтуде. Бұл шаралар Еуропа мен Азия арасындағы негізгі логистикалық буын рөлін күшейтті.

Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жылжымалы құрамды жаңарту, көлікті цифрлық бақылауға енгізу және халықаралық бағыттарды кеңейту өңірлердегі транзиттік хабтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырды. 2025 жылы транзиттік тасымалдау көлемі 36,9 млн тоннаға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға өсті.

Автожол саласында 13 мың шақырым жолға құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде республикалық жолдардың 94 пайызы техникалық нормативке сай келді. Ішкі шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. 2027 жылға дейін 37 өткізу пунктін жаңарту жоспарланған.

Жол саласын цифрландыру аясында e-Joldar жобасы іске асырылып, жолдардың техникалық жай-күйі мен қозғалыс қарқындылығы орталықтандырылған есепке алынады. Облыстағы автожолдардың жалпы ұзындығы 10 мың шақырымды құрайды. Былтыр 182 жоба жүзеге асырылып, 460,2 шақырым жол қайта жөнделді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесі 99,5 пайызға, ал көше-жол желісі 89 пайызға жетті.

Тараз қаласында көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Абай даңғылы бойында көпір құрылысы жүргізілуде. Жаңа тұрғын алаптар мен қала орталығы арасындағы байланыс үшін 50 шақырым жол салынды, 10,3 шақырым көше қайта жөнделді, 35,3 шақырым жаяу жүргінші жолы жабдықталды. Суару арықтары 49,6 шақырымға жөнделіп, 271 заманауи автобус сатып алынды. Қала автопаркі 82 пайызға жаңартылды.

Әуе көлігі саласында 109 ұшақ бар, оның ішінде 8 Airbus A320 және 4 Boeing 737 MAX 8 ұшағы бар. 135 халықаралық бағыт бойынша 30 елге аптасына 626 рейс орындалды. 2025 жылы пилотсыз азаматтық авиацияны дамыту тұжырымдамасы қабылданды.

Теміржол мен су көлігі тасымалдау көлемі де артты. Теміржол арқылы 320 млн тонна жүк тасымалданды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға жоғары. 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскелерін жөндеу жоспарланған, қазіргі таңда 4,4 мың шақырым жолда жұмыс жүргізілді. 124 теміржол вокзалы жаңғыртылуда.

Су көлігімен 8 млн тонна жүк тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық. Транскаспий халықаралық бағыты бойынша өсім 36 пайызды құрады. Ақтау портында контейнерлік хаб салынды, Құрық – Баку бағытына құрғақ жүк кемесі жеткізілді.

Халықаралық автомобиль тасымалының ауқымын кеңейту үшін Қазақстан 42 елмен шетелдік рұқсат бланкілерін электрондық түрде алмастыру жүйесін енгізді. Түркия, Түркіменстан, Иран, Қытай және Өзбекстанмен келісімдер жасалды. Елде 73 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылды, техникалық байқау операторларының қызметі реттелді.

Облыс басшылығы цифрлық мемлекет құру және киберқауіпсіздікті күшейту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Көлік-логистика саласының дамуы, транзиттік мүмкіндіктерді зерттеу, инфрақұрылым мен логистикалық орталықтарды жаңғырту бағытында нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *