BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАНЫ АЗАЙТУ ҮШІН ЖИ ЕНГІЗУДІ ТАПСЫРДЫ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлеңкелі экономиканы төмендету жөніндегі шаралар талқыланды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы қаржы министрі Мәди Такиев пен Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов баяндама жасады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесін 15%-ға дейін азайту туралы тапсырмасын еске сала отырып, бұл көрсеткішті одан әрі төмендету қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, ел экономикасы таза әрі ашық болуы үшін мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы өзара іс-қимыл күшейтілуі тиіс.

«Бұл жұмыс тек хат-хабар алмасумен шектелмеуі керек. Экономикалық тұрақтылық пен салық жүйесінің тиімділігін арттыру үшін цифрландыру мен бизнес жүргізуді жеңілдету бағытында сапалы әрі кешенді шешімдер қажет», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Мемлекет басшысы Жолдауында айтылғандай, экономиканы жаңғыртудың басты тетігі – жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу екенін атап өтті. Алайда, оның айтуынша, сауда, құрылыс және ауыл шаруашылығы секілді салаларда цифрландыру деңгейі әлі де жеткіліксіз. Осыған байланысты барлық министрліктерге өз салаларында цифрлық жаңғыртуды жеделдету тапсырылды.

Экономиканы цифрландыру аясында Мемлекеттік кірістер комитеті алдыңғы қатарда болуы тиіс. Бұл – мемлекет пен бизнес арасындағы жаңа сервистік модель қалыптастырудың маңызды қадамы. Цифрлық бастамаларды іске асыру үшін тиісті ресурстар бөлінуі қажет. Осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі келесі жылы Мемлекеттік кірістер комитетінің деректерді өңдеу орталығын құруы тиіс.

Отырыс барысында Премьер-министр көлеңкелі экономикамен күрестегі тиімді құралдардың бірі ретінде қолма-қол ақшасыз төлемдер мен цифрлық теңгенің рөлін ерекше атап өтті. Қазіргі таңда бірқатар өңірде жол және теміржол құрылысы, ауыл шаруашылығын субсидиялау және ҚҚС қайтару кезінде цифрлық теңге қолданылып жатқан пилоттық жобалар жүзеге асырылуда.

«Қаржы министрлігі Ұлттық Банкпен бірлесіп, республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ мемлекеттік холдингтер аясында цифрлық теңгені пайдалану тетігін әзірлеуі керек. Нәтижесі туралы келер жылдың 1 ақпанына дейін баяндауды тапсырамын», – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Олжас Бектенов кедендік әкімшілендірудің ашықтығын арттыруды, экспорттық және импорттық операцияларға мониторингті күшейтуді, тәуекелдер бейінін жаңартуды және жүктерді «жасыл дәліз» қағидаты бойынша өткізу жүйесін жетілдіруді тапсырды. Бұл бағытта жасанды интеллектіні қолдану сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, шекарадағы процестерді жеделдетуге мүмкіндік береді.

Көлеңкелі экономиканы төмендету шараларының тиімділігін арттыру мақсатында Премьер-министр жауапты ведомстволарға бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері жыл сайынғы кеңейтілген талдамалық баяндама әзірлеп, нақты ұсыныстар енгізуі тиіс.

Сондай-ақ Әділет, Қаржы және Жасанды интеллект министрліктеріне Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, заңды тұлғаларды тіркеу мен қайта тіркеуді бақылауға арналған тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін 25 қарашаға дейін енгізу жүктелді.

Мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды күшейту мақсатында Қаржы және Жасанды интеллект министрліктері деректерді Smart Data Finance жүйесімен интеграциялауды қамтамасыз етуі қажет.

Үйлестіру және бақылау жұмыстары Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *