BASTY BETJAŃALYQTAR

ТАРАЗДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СӘН КӨРСЕТІЛІМІ ӨТІП ЖАТЫР

Тараз қаласындағы «Көне Тараз» этномәдени кешенінде «ASPARA FASHION DAY 2026 – Мұра коды» халықаралық сән іс-шарасы өтуде. Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Асыл-Дизайн» сән үйі ұйымдастырған іс-шара ұлттық мәдени мұраны заманауи сән арқылы дәріптеуге бағытталған, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz».

Іс-шара аясында қолөнершілер көрмесі, концерттік бағдарлама, халықаралық форум және баспасөз конференциясы ұйымдастырылған. Көрмеге Жамбыл өңірінің 33 қолөнершісі қатысып, ұлттық нақыштағы авторлық бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Олардың қатарында дәстүрлі қолөнер туындылары мен ою-өрнектермен безендірілген түрлі бұйымдар бар.

Концерттік бағдарламада Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары мен өңірдің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Көрермендерге халық әндері, термелер және туған жерге арналған эстрадалық шығармалар ұсынылды.

Ал Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен халықаралық форумда ұлттық мұраны заманауи сән арқылы таныту, креативті индустрияны дамыту және дизайнерлер мен қолөнершілер арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Жиынға жергілікті атқарушы органдардың, мәдениет және туризм салаларының өкілдері, тарихшылар, қазақстандық және шетелдік дизайнерлер қатысты.

Форум барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңірде киіз басу, тоқымашылық және зергерлік өнер дәстүрлері сақталғанын атап өтті. Сондай-ақ «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілі Ақбота Қайырханова іс-шараларды Қазақстанның оқиғалық күнтізбесіне енгізу тәртібі мен олардың туристік әлеуетті арттырудағы маңызы жөнінде баяндады.

Биылғы сән іс-шарасына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан 18 дизайнер қатысып, «Мұра коды» тақырыбында әзірленген 21 авторлық топтамасын ұсынады. Сән көрсетілімінде ұлттық киім үлгілері, дәстүрлі ою-өрнектер мен тарихи мәдени элементтердің заманауи сәндегі көрінісі таныстырылады.

Сонымен қатар подиумға қазақстандық және шетелдік дизайнерлердің, Тараз қаласы қолөнершілері мен модельдік агенттіктерінің топтамалары шығады.

Бүгін сағат 17:00-де «Көне Тараз» этномәдени кешенінің көрме павильонында халықаралық сән көрсетілімі басталады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *