BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҮКІМЕТТЕ ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен туризм саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Іс-шара Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында өткізілді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кеңес барысында орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің өкілдері Президенттің тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде есеп берді. Сондай-ақ, негізгі туристік дестинацияларға жасалған жұмыс сапарларының нәтижелері ұсынылды.

Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев инфрақұрылымды дамыту және туристік нысандардағы қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстарын жеделдетудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз, алдағы жазғы маусымға дайындық шеңберінде курорттық аймақтарды дамытуға баса назар аудару қажет.

– Туризмді дамыту – бұл тек экономикалық көрсеткіштер ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық беделін арттырудың, инвестициялық тартымдылығын күшейтудің және өңірлерді дамытудың маңызды тетігі. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін заманауи инфрақұрылымды дамыту және жоғары сервис стандарттарын енгізу қажет, – деді Ермек Көшербаев.

Үкімет туризмді ұлттық экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қарастырады. Кеңесте шағын және орта бизнестің белсенді қатысуының, сондай-ақ отандық және шетелдік туристерге қызмет көрсету ісіне халықтың кеңінен тартылуының маңыздылығы атап өтілді.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға курорттық аймақтарды абаттандыру стандарттарын әзірлеу, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, паспорттық бақылау рәсімдерін оңайлату, сұранысқа ие бағыттарға халықаралық лоукостерлерді тарту және туристік қызмет сапасын арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *