BASTY BETJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАН ТОКИО КОНВЕНЦИЯСЫН РАТИФИКАЦИЯЛАП, ӨҢІРЛІК БІЛІМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫН НЫҒАЙТУДА

Қазақстан Республикасының Азиаттық-Тынық мұхиты өңіріндегі жоғары білім біліктіліктерін тану туралы өңірлік конвенцияны (Токио конвенциясын) ратификациялау шешімін құптады. Ұйым бұл қадамды біліктіліктерді әділ тану қағидаттарын ілгерілету және Орталық Азия мен Азиаттық-Тынық мұхиты аймағында академиялық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы маңызды шешім ретінде бағалап отыр. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Конвенцияны ратификациялау Қазақстанның жоғары білім жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жөніндегі жүйелі жұмысының жалғасы саналады. Құжат біліктіліктерді тану рәсімдерінің ашықтығын, сенімділігін және әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы өзара сенімді арттырып, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейтеді.

Қазақстанның Токио конвенциясына қосылуы елді Орталық Азиядағы білім беру хабына айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатпен сабақтас. Бұл басымдықты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 8 тамызда жарияланған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму мен өркендеуге жол» атты мақаласында атап өткен болатын. Ратификация ұлттық біліктілік жүйесіне және оларды тану тетіктеріне халықаралық сенімді күшейтуге ықпал етеді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл шешімді практикалық маңызы зор қадам деп атады. Оның айтуынша, Конвенция дипломдар мен біліктіліктерді өзара тануды жеңілдетіп, қазақстандық түлектердің Азиаттық-Тынық мұхиты елдеріндегі білім және кәсіби мүмкіндіктерге қолжетімділігін кеңейтеді. Сонымен қатар отандық университеттерге шетелдік студенттер тартуға жағдай жасайды.

2011 жылы қабылданып, 2018 жылы күшіне енген Токио конвенциясы өңірдегі біліктіліктерді тану жүйесін жаңғыртты. Құжат сапаны қамтамасыз ету, ақпарат алмасу және әділдік қағидаттарын бекітеді. Біліктіліктерді бағалау оқу нәтижелеріне негізделуі тиіс екені айқындалған.

ЮНЕСКО Қазақстанмен осы салада ұзақ жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді. Ұйым техникалық кеңес беру және тәжірибе алмасу арқылы ұлттық әлеуетті нығайтуға қолдау көрсетіп отыр.

Токио конвенциясын ратификациялау Қазақстанның Жоғары білімге қатысты біліктіліктерді тану жөніндегі жаһандық конвенцияға қосылу ұстанымымен үндес. Бұл халықаралық-құқықтық құжаттар академиялық және кәсіби ұтқырлықты арттыруға, экономикалық ықпалдастықты қолдауға және жоғары білім жүйелерінің ашықтығын күшейтуге бағытталған.

ЮНЕСКО Алматыдағы өңірлік кеңсесінің директоры Амир Пирич Қазақстанды Орталық Азияда Токио конвенциясын ратификациялаған алғашқы мемлекет ретінде құттықтады. Оның айтуынша, бұл қадам елдің жоғары білім саласындағы халықаралық стандарттарға бейілдігін көрсетеді.

Қазақстан ратификациялық грамотаны ЮНЕСКО-ға тапсырғаннан кейін үш ай өткен соң Конвенцияның толыққанды қатысушысына айналады. Құжатты іске асыру жоғары білімді басқару жүйесін жетілдіруге және өңірлік білім кеңістігінің өзара байланысын күшейтуге ықпал етпек.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *