ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН ЖОЮ ШАРАЛАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – нормативтік құқықтық актілердің жеткіліксіздігі салдарынан туындайтын тәуекелдер.
Осы бағытта ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда көзделген шараларды кеңінен қолдана отырып, жемқорлық тәуекелдерді азайту бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда.
Алдыңғы мониторинг кезінде ауыл шаруашылығы саласында субсидиялау қағидаларының бақылау нормаларының жеткіліксіздігі салдарынан мемлекеттік бюджеттің тиімсіз жұмсалу деректері анықталған. Атап айтқанда, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімділікті және сапаны арттыру мақсатында ауыл шаруашылық тауар өндірушілері субсидия алып, сатып алынған аналық мал басын сақтау міндеттемесін алады.
Егер субсидияланған мал басы сақталмай сатылып жіберілсе, субсидияланған қаражат мемлекетке қайтарылуы тиіс. Мониторинг барысында қабылданған міндеттемелерге қарамастан, ауыл шаруашылық тауар өндірушілері 110,3 млн теңгеге субсидияланған мал басын сатқан және қаражатты мемлекетке қайтармағаны анықталды.
Жемқорлық тәуекелдердің себебін зерделеу барысында Қағидаларда аудан әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы бөлімдері тарапынан мониторинг жүргізу мерзімдерінің болмауы және мал басын сақтау міндеттемелерін орындауға бақылаудың жеткіліксіздігі байқалған.
Осыған орай, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіне заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылып, Қағидалардың 25-тармағына мал басының сақталуын қамтамасыз ету бойынша аудан әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы бөлімдерімен тоқсан сайын мониторинг жүргізу нормалары енгізілді.
Қазіргі таңда аудан әкімдіктерімен мониторинг тәжірибесі қалыптасып, 2025 жылдың екінші жартыжылдығында 26 ауыл шаруашылық тауар өндірушісінің Қағида талаптарын бұзғаны анықталып, оларға 24,2 млн теңге көлеміндегі субсидия қаражатын қайтару жөнінде хабарламалар жолданды.

