ҚОРДАЙ АСУЫНДА ҚАРДА ҚАЛҒАН 80 КӨЛІК ҚАУІПСІЗ АЙМАҚҚА ШЫҒАРЫЛДЫ
Жамбыл облысының Қордай ауданында ауа райының күрт нашарлауына байланысты Қордайдың ескі асуында, автожолдың 170–190 шақырым аралығында көліктердің қозғалысы қиындап, жолда жиналу тіркелді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Қолайсыз ауа райы салдарынан жүк көліктері жолдың жүру бөлігінде тоқтап, қозғалысқа кедергі келтірген. Осыған байланысты аталған учаскеде көлік ағыны уақытша шектелді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдарының көмегімен қар құрсауында қалған 50 жеңіл және 30 жүк автокөлігі қауіпсіз орынға шығарылды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының қолайсыздығы мен автожолдардың жабылуына байланысты тұрғындарды дер кезінде ақпараттандыру және психологиялық қолдау көрсету мақсатында жедел желі телефондарын іске қосты.

