BASTY BETJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ҰЛТТЫҚ ВОЛОНТЕРЛІК ЖЕЛІ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН ҚОЛДАЙТЫНЫН БІЛДІРДІ

2026 жылғы 9 ақпанда Астана қаласында «Жаңа Конституция жобасын талқылау және қолдау» тақырыбында Ұлттық волонтерлік желі дөңгелек үстел өткізді – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен волонтерлік ұйымдардың өкілдері, өңірлік волонтерлік фронт-офистер, бастамашыл топтар және серіктестер онлайн және офлайн форматта қатысты.

Кездесу барысында волонтерлік сектордың жаңа Конституция жобасын талқылауға қатысуы, үкіметтік емес ұйымдардың халықты ақпараттандырудағы рөлі, қоғамдық диалогты дамыту және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі және «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ төрағасы Вера Ким Конституция жобасын әзірлеуге азаматтық қоғамның қатысуының маңызын атап өтті. Ол жаңа Конституция жобасының ашық түрде жасалып, қоғамның белсенді түрде ұсыныстар енгізіп жатқанын жеткізді.

«Конституция қоғаммен диалог негізінде қалыптасуда. Жаңа жобаға алты ай ішінде азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, саяси партиялардан және сарапшылардан шамамен 4 мың ұсыныс түсті. Бұл қоғамның енді пассивті бақылаушы емес, саяси үдерістің толыққанды қатысушысына айналып келе жатқанын көрсетеді», — деді Вера Ким.

Ол жаңа конституциялық институт – Халық кеңесінің енгізілуі қоғамдық қатысуды нығайтудағы маңызды қадам болатынын, бұл моделдің мемлекет пен қоғамның стратегиялық бағыттарды бірлесе талқылауына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев жаңа Конституцияның жастар үшін маңыздылығын бөлісті. Ол жастардың әділ әрі қолжетімді өсу мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін жаңа Негізгі заңның азаматқа бағдарланғанын айтты. Сонымен қатар, білім, инновация және адами капиталды дамыту қағидаттары жастардың өзін-өзі дамытуына ықпал ететінін атап өтті.

«Медициналық жастар» РҚБ төрағасы, медицина саласының волонтері Әбдіраш Абылайхан Конституция жобасының әлеуметтік және медициналық аспектілеріне тоқталды. Ол жаңа жоба адам өмірі мен денсаулығын қорғауға, отбасы құндылықтарын сақтау мен денсаулық сақтау саласын дамытуға құқықтық негіз беретінін жеткізді.

Дөңгелек үстел ашық талқылау форматында өтті. Шара соңында Ұлттық волонтерлік желі жаңа Конституция жобасын қолдау жөніндегі үндеуді жариялады.

ҮНДЕУ
Қазақстанның Ұлттық волонтерлік желісі жаңа Конституция жобасын қолдау жөнінде:
Құрметті қазақстандықтар! Бүгін еліміз маңызды тарихи кезеңді бастан өткеруде – Қазақстанның алдағы онжылдықтағы дамуын айқындайтын жаңа Конституция жасалуда. Біз жаңа Конституцияны қолдаймыз және азаматтық қоғамның ел өміріне қатысуына маңызды әсер ететін ережелерді атап өтеміз.

Жаңа Конституция қоғам мен мемлекет арасындағы ынтымақтастық негізін қалыптастырады. Біз қолдайтын бағыттар:

  • Азаматтық қоғамды дамыту және халықтың басқаруға қатысуын кеңейту;
  • Білім, ғылым және адами әлеуетті дамытуға басымдық беру;
  • Дербес деректер мен цифрлық құқықтарды қорғауды күшейту;
  • Үкіметтік емес ұйымдардың ашықтығын арттыру.

Біз жаңа Конституция жобасы азаматтардың қоғамдық міндеттерді шешуге белсенді қатысуына ықпал етеді деп сенеміз. Қазақстанның волонтерлік қауымдастығы мемлекет пен қоғаммен әріптестік орнатып, ел игілігі үшін жұмыс істеуге дайын. Әрбір қазақстандықты жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырамыз.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *