№59 мекемесінде есірткі қылмысының алдын алуға арналған кездесу өтті
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №59 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтар арасында есірткі қылмысының алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі
Іс-шараның басты мақсаты – нашақорлықтың зияны туралы түсіндіру, есірткі қылмыстарының алдын алу және сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Кездесуге Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Кеменгер Талапұлы Абдибеков, аталған басқарманың аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Айгерім Асанқызы Каукешова қатысты.
Сонымен қатар Тараз қаласы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі мамандары Ержан Ерланұлы мен Нұрзат Нұрланұлы Амангелді де кездесуге қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шара барысында мамандар есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны, тәуелділіктің ауыр зардаптары және есірткі айналымына қатысты заңнамада қарастырылған жауапкершілік туралы кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ нашақорлықтың жеке адамның денсаулығына ғана емес, отбасының берекесі мен қоғамның тұрақтылығына да кері әсер ететіні атап өтілді.
Кездесу кезінде сотталғандарға заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылыққа жол бермеу, өткен өмірдегі қателіктерден сабақ алу және қоғамға қайта бейімделудің маңыздылығы түсіндірілді.
Өз кезегінде қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.
Мұндай профилактикалық және тәрбиелік бағыттағы кездесулер сотталғандардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстауға және салауатты өмір салтын ұстануға ықпал етеді. Сонымен қатар олардың қоғамға қайта оралуына және жаңа өмір бастауына бағыт-бағдар беруді көздейді.


