ПРЕЗИДЕНТ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯ БАСШЫЛАРЫМЕН ЖҰМЫС КЕҢЕСІН ӨТКІЗДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссияның жетекші құрамын қабылдап, Ата заң жобасына қатысты атқарылған шаралар жөнінде есеп тыңдады. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесуге комиссия төрағасы, Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова, төраға орынбасары, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және комиссия мүшесі, Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев қатысты.
Жиында Президентке жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысы таныстырылды. Комиссия бұған дейін жүргізген жұмыстар мен қоғамдық талқылаудың нәтижелері баяндалды.
Эльвира Әзімованың мәліметінше, құжат жобасы халық назарына ұсынылғаннан бері eGov пен e-Otinish платформалары арқылы төрт мыңнан астам пікір келіп түскен. Көпшілік ұсынылған нұсқа қазіргі қоғамдық сұранысқа жауап береді деген ұстаным білдірген. Сондай-ақ саяси партиялар мен түрлі деңгейдегі қоғамдық ұйымдар қолдау танытқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев комиссия қызметі барынша ашық жүруі қажет екенін айтты. Бұл қоғамның талқылау процесін бақылап, құжат мазмұнын жан-жақты зерделеуіне жағдай жасайды. Президент сарапшылар мен азаматтар ұсынған барлық бастаманы мұқият қарауды тапсырды.
Комиссия төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта жоба мәтінінің бірқатар нормалары нақтыланып, редакциялық түзетулер енгізіліп жатыр. Алдағы отырыстар 7 ақпанда және келесі аптада жалғасады.
Құжатты пысықтау жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілмек.
