BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНЫҢ ӨЗГЕРІСТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері өкілдерімен кездесті. Жиында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасындағы негізгі өзгерістер мен жаңашылдықтар қаралды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде саяси және қоғамдық реформалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Оның айтуынша, аталған өзгерістердің негізгі бағыты Конституциялық реформаға байланысты.

Ербол Қарашөкеев жаңа Конституция жобасы елдің басқару жүйесін жаңғыртуға және қоғамдық сұраныстарға жауап беруге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ құжатта ұсынылған маңызды тетіктерге жеке тоқталып өтті.

Жиында Конституция жобасындағы бастамалардың бірі – жалпыұлттық диалог алаңы ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құру мәселесі талқыланды. Бұл құрылым азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты күшейтуге бағытталғаны айтылды.

Облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан сөз сөйлеп, Конституция жобасында қоғамды алаңдатқан бірқатар мәселелер қамтылғанын жеткізді. Ол әділеттілік, заң үстемдігі және қоршаған ортаға жауапкершілік қағидаттарының Ата Заң деңгейінде бекітілуіне назар аударды.

Сонымен қатар облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Гулам Умаров халықаралық тәжірибеге тоқталып, көптеген елдерде конституциялық нормалар уақыт талабына сай өзгеріп отыратынын атап өтті.

Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірде Конституциялық реформаны және жаңа Конституция жобасын халық арасында түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру топтары құрылып, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *