BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ LULU GROUP INTERNATIONAL БАСШЫСЫ ЮСУФ АЛИМЕН АӨК-САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов LuLu Group International компаниясының негізін қалаушы Юсуф Али Мусалям Виттиль Абдул Кадермен кездесу өткізді. Келіссөз барысында агроөнеркәсіп кешеніндегі және сауда саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары қаралды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу кезінде Юсуф Али қазіргі уақытта компанияның Қазақстаннан ет және ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттап отырғанын және бұл бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстандағы жоғары әлеует пен қолайлы инвестициялық ортаны ерекше атап өтті.

Тараптар LuLu Group International компаниясының елімізде ет өңдеу зауытын және аграрлық өнімдерді сатып алуға арналған үлестіру орталығын салу жоспарына да тоқталды.

Олжас Бектенов аталған бастамаларға Қазақстан тарапынан қызығушылық бар екенін білдіріп, бұл жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша тапсырмаларына сай келетінін айтты.

Қазіргі уақытта қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері 70-тен астам елге экспортталады. Үкімет алдағы жылдары бұл көрсеткішті саланың өнімділігін үш есеге арттыру арқылы екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр.

«Агроөнеркәсіп кешені еліміздің экономикасында әрдайым басым бағыттардың бірі болып қала береді. Қазақстан бірлескен агротехнопарктер мен экспортқа бағытталған логистикалық хабтар құрудан бастап, электрондық коммерция мен өзге де жобаларды дамыту бойынша жан-жақты ынтымақтастыққа дайын. Бұл үшін елімізде барлық қажетті жағдай жасалған», — деді Премьер-министр.

Кездесу қорытындысында мемлекеттік органдарға аталған жобаларды іске асыруға қажетті қолдау көрсету тапсырылды.

Анықтама:
LuLu Group International — Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан, әлемнің 20-дан астам елінде 260-тан аса сауда нысандарын басқаратын жетекші халықаралық ритейлер. Компания Парсы шығанағы елдері мен Азия нарығында ірі ойыншылардың бірі саналады. Бүгінде LuLu Group Қазақстанмен ынтымақтастығын кеңейтіп, қазақстандық қой еті, құс еті, бал, бидай, ұн, жарма және бұршақ дақылдарын импорттау бойынша отандық өндірушілермен жұмыс істейді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *