AGROBASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА 84,8 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

2025 жылы Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласына 84,8 млрд теңге инвестиция тартылып, жалпы құны 28 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба іске асырылды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға өткен жылы 46,9 млрд теңге бағытталды. Мемлекеттік қолдау шеңберінде 7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 32,6 млрд теңгеден астам субсидия төленді. Сонымен қатар қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1 мыңға жуық агроқұрылым 17,4 млрд теңге көлемінде несие алды.

Көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде облыста 514,7 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Егін шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2,2 пайызға, мал шаруашылығы өнімдері 1,9 пайызға өсті. Тірі салмақтағы ет өндірісі 133,3 мың тоннаны құрап, 2,6 пайызға артты. Сүт өндірісі 230 мың тоннаға жетіп, 1,6 пайызға ұлғайды.

Жалпы мал басы 3,7 млн басқа жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 168 мың басқа немесе 2,7 пайызға көбейді. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны 441,6 мың басты құрап, 8 пайызға артты. Қой саны 3,1 млн басқа жетіп, 4,4 пайызға, жылқы саны 197,2 мың басты құрап, 13,3 пайызға өсті. Құс саны 2,3 млн басты құрап, 18,6 пайыздық өсім көрсетті.

Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестицияның 65,8 млрд теңгесі тамақ өнімдері өндірісіне бағытталған. Іске асырылған инвестициялық жобалар аясында 108 жаңа жұмыс орны ашылды.

Атап айтқанда, өңірде қуаттылығы 30,3 мың тоннаны құрайтын алты көкөніс сақтау қоймасы, екі мың басқа арналған екі бордақылау алаңы, бір мың басқа арналған тауарлы сүт фермасы, тәулігіне 70 мың бас құс союға қауқарлы цех және жылына 11,6 мың тонна өнім өңдейтін төрт қайта өңдеу кәсіпорны пайдалануға берілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *