BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПАЛЕСТИНА МЕМЛЕКЕТІНІҢ ЖОҒАРЫ СУДЬЯСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Палестина Мемлекетінің Жоғары судьясы әрі Президенттің діни істер жөніндегі кеңесшісі Махмұд әл-Хаббашпен кездесті. Мемлекет басшысы тараптар арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың басталған кезінен бері екі ел ынтымақтастығы өзара құрмет пен сенім негізінде дамып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Президент Қазақстанның Палестинаны халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде тануға бағытталған бастамаларды тұрақты түрде қолдайтынын айтты. Сондай-ақ ол Таяу Шығыстағы жағдайды бейбіт әрі дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігін, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес «Қос халыққа – екі мемлекет» қағидаты негізінде Палестина мемлекетін құруды қолдайтынын жеткізді.

Махмұд әл-Хаббаш Мемлекет басшысына Палестина Президенті Махмұд Аббастың хатін табыстап, Қазақстанның Палестина халқына көрсетіп келе жатқан тұрақты қолдауы үшін алғыс білдірді. Оның сөзінше, Қазақстан Палестина үшін бауырлас әрі сенімді серіктес мемлекет болып табылады. Бұл ұстаным екіжақты және көпжақты форматтағы, соның ішінде БҰҰ мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы өзара байланыстардан көрініс табады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Махмұд Аббасқа ыстық сәлемін жолдап, оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *