ҚАЗАҚСТАНДА КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАНЫ АЗАЙТУ ҮШІН ДЕРЕКТЕРДІ ТАЛДАУҒА АРНАЛҒАН ЦИФРЛЫҚ ПЛАТФОРМА ҚҰРЫЛАДЫ
Қазақстан Үкіметінде вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Кеңесте өткен жылы көлеңкелі экономиканы қысқарту үшін енгізілген жаңа тәсілдер мен қабылданған шаралардың нәтижесі қаралды. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларына арнайы KPI көрсеткіштері енгізіліп, сауда, құрылыс, көлік, денсаулық сақтау, білім беру және ауыл шаруашылығы секілді тәуекелі жоғары салаларда салалық жол карталары іске асырылып жатыр.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, жол карталарын орындау алдын алу шараларының тиімділігін арттырды. Айналымдарды заңдастыру бойынша оң динамика байқалады. Мәселен, ішкі саудадағы көлеңкелі айналым 3,54%-дан 2,97%-ға, білім беру саласында 1,52%-дан 1,1%-ға, ауыл шаруашылығында 1,88%-дан 1,73%-ға төмендеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 16,71%-ға дейін қысқарған. 2025 жылға қатысты деректер ағымдағы жылдың тамыз айында жарияланады.
Жиында цифрлық арналардың дамуына байланысты көлеңкелі схемалардың да күрделеніп келе жатқаны атап өтілді. Осыған байланысты шашыраңқы салалық жол карталарынан бас тартып, бірыңғай кешенді жоспар әзірлеу туралы шешім қабылданды. Smart Data Finance негізінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіретін және жасанды интеллект арқылы деректерді талдайтын цифрлық платформа құрылады.
Жаңа платформа салық, кеден, еңбек және өзге де салалық деректерді салыстыруға, күмәнді операцияларды анықтауға және олардың түрлі салалар бойынша қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жасанды интеллект кешенді жоспардың орындалуын бағалауға және нысаналы көрсеткіштерге жету деңгейін бақылауға қолданылатын болады.
Көлеңкелі айналым ықтималдығы жоғары салаларды цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Тауарлардың ұлттық каталогы, отандық өндірушілер тізілімі, тауарларды таңбалау және қадағалау жүйелері енгізіліп, цифрлық теңге және цифрлық ҚҚС пайдалану кеңейіп келеді. Электронды шот-фактуралар да толық көлемде қолданылады.
Сонымен қатар сауда саласындағы көлеңкелі айналымды азайту үшін қосымша шаралар қабылданып жатыр. Баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында көтерме сатып алу стандарты енгізіледі.
Жиын қорытындысында вице-премьер мемлекеттік органдарға Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, бір ай ішінде нақты цифрлық шешімдер мен ұсыныстарды қамтитын көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.

