BASTY BETJAŃALYQTAR

«ОТБАСЫ БАНК» АРҚЫЛЫ АЛҒАШҚЫ ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

Отбасы бақытының басты көрсеткіші – баспана. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аясында Байзақ ауданында жүйелі жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі. Жаңа жыл қарсаңында және ауданның Байзақ баба атын иеленуінің 30 жылдығына орай, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, Сарыкемер ауылы, Қ. Орынқұлов көшесінің ІІ-бұрылысындағы тұрғын алқабында жаңа үйлер пайдалануға берілді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Олжас Баққараев қатысып, қоныс иелерін жаңа баспаналарының ашылуымен құттықтады. «Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының басым міндеттерінің бірі. Бүгін «Отбасы банк» арқылы кезекте тұрған 12 тұрғынға баспана кілттері табысталады. Бұл үйлердің құрылысын жеке кәсіпкер Алмас Іргебайұлы аяқтап, сатып алу республикалық және аудандық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асты», – деді аудан басшысы, үйлі болғандарға денсаулық, отбасыларына бақ пен амандық тіледі.

Шара барысында Жамбыл облысы бойынша «Отбасы банк» филиалының директоры Нұрлан Темірбекұлы жаңа жүйенің жұмысын атап өтті: «2025 жылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үй алу кезегі «Отбасы банк» АҚ-ның «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» базасына ауыстырылды. Байзақ ауданында алғаш рет кезекте тұрған азаматтарға пәтер кілттері табысталды. Бұл – жаңа жүйенің бастамасы, әрі алдағы уақытта кезең-кезеңімен жалғасады».

Баспаналы болу бақытын сезінген тұрғындардың бірі – көпбалалы ана Түймегүл Жақсылықова қуанышымен бөлісті. Аудан басшысы жаңа үйлерді аралап көріп, тұрғындарға жаңа қонысымен табыс тілеп, бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *