МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТҮРІКМЕНСТАН ПРЕЗИДЕНТІМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадта Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы бауырлас елді Түрікменстанның тұрақты бейтараптығына 30 жыл толуымен құттықтап, мерейтойға орай ұйымдастырылған халықаралық форумның маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық пен өзара сыйластықты жоғары бағалап, бейбітшілік, бейтараптық және сенім тақырыптарын қозғайтын ертеңгі форумның халықаралық қатынастар үшін ерекше мәнге ие болатынын айтты.
Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды нығайту перспективаларын талқылады. Әсіресе, Түрікменстан Президентінің жақында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысына назар аударылды.
Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Президентімен Ашхабадта жүздескеніне қуанышты екенін білдіріп, халықаралық форумға қатысуы бейбітшілік пен сенімді ілгерілетуге деген Қазақстанның ұстанымын көрсететінін атап өтті.
Кездесу соңында мемлекеттер басшылары өзара сауданы кеңейту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ энергетика, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін қарастырды.
