BASTY BETDENSAÝLYQJAŃALYQTAR

ҚОРДАЙ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ СЕРПІЛІС ЖАСАДЫ

Қордай ауданының халқы бүгінгі таңда 143 592 адамды құрайды. Аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету жүйесі Қордай аудандық орталық ауруханасының кеңейтілген құрылымдары арқылы жүзеге асады. Оның құрамына 3 аудандық аурухана, 1 орталық аудандық емхана, 2 ауылдық емхана, 18 дәрігерлік амбулатория, 12 медициналық пункт және 8 фельдшерлік-амбулаториялық пункт кіреді.

2024 жылдың қаңтарынан бастап ауруханаға бас дәрігер ретінде Айдын Байбеков жетекшілік етеді. Оның басқаруымен мекеменің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, ұйымдық мәдениет жақсарған. Ұжымда бірлік пен өзара қолдау күшейіп, тәжірибелі мамандар мен ардагерлерден құралған Ақылмандар кеңесі құрылды.

2025 жылдың қыркүйегінде Қордай аудандық орталық ауруханасы алғаш рет І санатқа аккредиттелді. Бұл жетістік – мекеме ұжымы мен әкімшіліктің жүйелі жұмысының айқын нәтижесі.

Қордайдағы медициналық инфрақұрылым да ірі жаңартулардан өтті. 2024 жылы науқастарды тасымалдауға арналған бірнеше санитарлық автокөлік сатып алынды, кейін парк жаңа реанимобильмен толықты. Вакцина сақтауға арналған жаңа тоңазытқыш жүйелері орнатылып, шалғайдағы ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. ОАРИТ және терапия бөлімдеріне лифт орнатылды.

Балалар мен әйелдер денсаулығын қамтамасыз ету бағытында да бірқатар жаңалық енгізілді. 2025 жылы балалар арасындағы рефракция аномалияларын анықтауға арналған авторефрактометр сатып алынды. Перзентхана-гинекология бөлімінде ашық реанимация жүйесі, қан жылыту аппараты, инфузиялық ерітінділерді жылыту құрылғысы, CPAP, фототерапия, балаларға арналған ӨЖЖ аппараты, планшетті УДЗ, реанимациялық кереуеттер, трансформер-кереует және рентген-диагностикалық жүйе орнатылды.

Аурухана мерейтойлық шараларды да жоғары деңгейде өткізді. 2024 жылы Медицина қызметкерлері күні кең көлемде атап өтіліп, мекеменің 100 жылдық мерейтойы өтті. «Қордай ауруханасына — 100 жыл» стелласы орнатылып, халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Ардагерлер мен үздік мамандар мерейтойлық медальдармен марапатталды, сондай-ақ «Бастау көзінен бүгінгі күнге дейін» кітабы жарық көрді.

Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. 56 дәрігер және 194 орта буын маман жоғары санатқа ие. Мамандар Қазақстанда және шетелде білім жетілдіруде. 2024 жылы Саулембаева Б.К. Лондонда оқыса, 2025 жылы Джаксымбаев Н.Б. Кореяда, Тажиева К.Т. Түркияда біліктілігін арттырды.

2025 жылдың қазанында облыс әкімінің орынбасары Айжан Серікбайқызы Есмағамбетова аурухана жұмысын бағалап, үш бағыт бойынша үлгі болуды ұсынды: инфекциялық бақылау, фертильді жастағы және жүкті әйелдерді хаттамаларға сай жүргізу, балалар мен жүкті әйелдерді қауіп топтары бойынша прогрессивті бақылау.

Қордай аудандық орталық ауруханасында кадр тапшылығы сақталуда. Әсіресе ВОП дәрігерлері, балалар офтальмологы, невропатолог және кардиолог қажет.

Барлық қиындықтарға қарамастан, аурухана тұрақты дамуда. Қызметкерлер кәсіби деңгейін үздіксіз жетілдіріп, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуді жалғастыруда. Бұл өзгерістер бас дәрігер Айдын Байбековтің тиімді басқару стратегиясының нәтижесі болып отыр.

Қордай аудандық орталық ауруханасы
Ақылмандар кеңесінің төрайымы
Несіпбаева Г.М.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *