BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «QARMET» АҚ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ АНДРЕЙ ЛАВРЕНТЬЕВТІ ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевті қабылдап, компанияның биылғы жұмыс қорытындылары мен негізгі инвестициялық бағыттарымен танысты. Кездесу барысында кәсіпорын қызметінде оң динамика қалыптасқаны айтылды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, соңғы екі жылда болат өндірісі 22 пайызға, көмір концентраты 26 пайызға, ал темір кені 32 пайызға артқан. Өнімнің өзіндік құны 28 пайызға төмендеп, шығарылатын болат маркаларының саны 260-тан 350-ге дейін көбейген.

Андрей Лаврентьев 9 ірі жобадан тұратын кешенді инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бастама еліміздегі болат өндірісін жүйелеуге және металл прокаты импортының көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар атом электр станциясының құрылысына арналған жоғары сапалы жаңа болат түрлерін шығару қолға алынған.

Кездесуде Президентке көмір және тау-кен бағыттарындағы даму бағдарламалары да таныстырылды. Компания еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік бастамаларға ерекше көңіл бөліп отыр. Qarmet-ке қарасты медициналық және білім беру мекемелері жаңғыртылып, кәсіподақтармен жаңа ұжымдық келісім жасалған. Құжат 35 мың қызметкердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, Qarmet жанынан ірі металлургиялық кластер құру жұмыстары басталғаны белгілі болды. Бұл шағын және орта бизнес үшін шикізатты терең өңдеуге жол ашпақ. Жоба «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ машина жасау саласында отандық болатты пайдалану бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, кәсіпорынды жаңғырту, әлеуметтік мәселелерді шешу, экологиялық ахуалды жақсарту және машина жасау өндірісін дамыту бағытындағы шараларды жалғастырудың маңызын атап өтті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *