ЖАМБЫЛ ОКРУГІНДЕГІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: ҚОРА ҚОЙҒА, АМБАР ДӘНГЕ ТОЛЫ
Жамбыл ауылдық округінде ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Бұл туралы «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Округ құрамына Шакен Ниязбеков және Қапал ауылдары кіреді. Мұнда егін және мал шаруашылығы қатар дамып, бірқатар табысты жобалар жүзеге асырылуда. Ауылдық округте барлығы 87 шаруа қожалығы жұмыс істейді: оның 15-і мал шаруашылығымен, қалғандары егін шаруашылығымен айналысады.
Жердің құнарлылығы мен тұрғындардың еңбексүйгіштігі өнім көлемінің артуына ықпал етіп отыр. Қарамағында 3553 гектар жайылым, 5532 гектар суармалы жер және 2588 гектар егістік бар. Бұл алқаптарда люцерна, бидай, арпа, қант қызылшасы, пияз, жүгері өсіріледі. Мал басы да айтарлықтай: округте 1600 жылқы, 2700 ірі қара және 26 100 қой-ешкі бар.
Ауылдағы жұмыс үйлесімді жүруде. Фермерлер мен әкімдік арасындағы байланыс нәтижелі. «Ақжол-Агро», «Пятилетка», «Баракат», «Алибай», «Байдос» сияқты бірнеше шаруашылықтар үлгілі деп танылған. Әкімдік қызметкерлері жердің жай-күйін тұрақты бақылап, қожалық басшыларымен тығыз жұмыс жүргізеді.
«Толендиев» шаруашылығы — округтегі табысты қожалықтардың бірі. Негізін қалаған Баянбай Толендиевтің ісін бүгінде ұлы Талғат жалғастырып келеді. 125 гектар алқапта бидай, арпа, пияз және люцерна өсіріледі. Оның ішінде 70 гектар люцерна жылына екі рет орылып, мыңдаған пресс шөп дайындалады. Қожалық техникамен қамтамасыз етілген, жұмысшыларға тұрақты жалақы және өнімнен үлес беріледі.
«Дархан» шаруашылығын басқаратын Сәкен Үсенбаев 40 гектарда жүгері мен люцерна егеді. Алқап көлемі шағын болғанымен, шаруашылық табысты жұмыс істеп отыр. Жерге ұқыпты қарау, техниканы жаңарту және мал басын көбейту бағытында жұмыс жүргізілуде.
Қапал ауылындағы «Жанболат» қожалығы да белсенді еңбек етуде. 55 гектарда қант қызылшасы, люцерна және жүгері өсіріліп, қожалық өз техникасымен қамтамасыз етілген. Жалақы уақытылы беріледі. Шаруашылықта 40-тан астам жылқы бар, алдағы уақытта оларды көбейту жоспарланған. Жерді тыңайту және дұрыс агротехникалық күтім өнімділікті арттырып отыр.
Округтің қазіргі жетістіктері — жергілікті жұрттың еңбегі мен бірлігінің нәтижесі. Жамбылдықтар үшін адал еңбек, жерге құрмет және өзара келісім — ауыл өмірінің басты құндылықтары болып саналады.

