BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАНДА 300-ДЕН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСҚАН ЕСІРТКІ ЖЕЛІСІ ЖАБЫЛДЫ

Қазақстанда 300-ден астам адамның қатысуымен халықаралық есірткі таратушы топ анықталды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес құқық қорғау және арнайы органдар бірлесе отырып, есірткі бизнесіне қарсы кешенді шаралар жүргізіп отыр. Арнайы прокурорлар интернеттегі есірткі схемаларын зерттеп, бірнеше ірі істі сотқа жолдады.

Шымкент қаласында Telegram мессенджері арқылы қызмет еткен халықаралық желі жабылды. Тергеу басқа құқық қорғау органдарымен бірге жүргізіліп, қазақстандық топқа АҚШ-тың есірткіге қарсы күрес ведомствосының (DEA) мамандары да қосылды. Қылмыстық әрекеттерге қатысқан 24 адам ұсталып, олардың арасында шетел азаматтары – Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан тұр. Тәркіленген мүлік көлемі 500 миллион теңгеден асты. Ақша «дропперлердің» карталары мен лицензияланбаған криптобиржалар арқылы аударылған.

Шымкентте екі есірткі зертханасы анықталып, жойылды. Зертханалардан 6,1 кг дайын мефедрон, 330 грамм сатуға арналған есірткі, 2,1 тонна прекурсор және өндіріс жабдықтары алынды. Қылмыстық желі «Карбон», «DDD_Shym» сияқты Telegram арналарын пайдаланып, тек есірткі таратумен шектелмей, «қолданушыларға» өндіру жолдарын үйреткен.

Сондай-ақ, Ұлытау мен Маңғыстау облыстарында да әлеуметтік желілер арқылы есірткі сатқан топтар әшкереленді. Ұлытау облысында «Kaef Mafia» арнасы арқылы сатылған дүкен жабылып, 6 адам қамауға алынды. Тәркіленген активтер мен криптовалюта мемлекет кірісіне 3,2 миллиард теңге көлемінде өтті. Маңғыстауда «Dune-Operator 24/7» дүкенінің жолы кесіліп, тәркіленген ақша 1,15 миллиард теңге және 176 мың АҚШ долларын құрады. Сонымен бірге сот бір кәсіпкердің шотына есірткіден түскен 1 миллиард теңге мен 734 228 АҚШ долларын құрайтын криптоәмиянға тыйым салды.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, бұл операциялар құқық қорғау органдарының жүйелі және жан-жақты жұмысын көрсетеді. Қазір олар азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау бойынша іс-шараларын жалғастыруда.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *