ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ БАЙЗАҚ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келіп, Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының өңірдегі орындалу барысы талқыланды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Кездесуге аудан тұрғындары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қатысты. Басқосуды облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев ашты.
Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев Жолдауда жүктелген міндеттердің орындалу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл аудандағы инвестиция көлемі 23,9 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артқан. Өңдеу өнеркәсібі мен өндірістік қуаттарды арттыру бойынша 32 жобаның 12-сі аяқталған, қалғаны жыл соңына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Аудандағы 40 елді мекеннің 38-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда Төрткөл, Жаңасаз және Қосақ ауылдарында су жүйесін орнату жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін аудан халқы толық таза ауыз сумен қамтылады деп күтілуде.
Тұрғын үй саласында да бірқатар жұмыстар атқарылған. 2024 жылы көпқабатты төрт үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар, Сарыкемер ауылында әлеуметтік осал топтарға арналған 40 үй тапсырылған болса, қосымша 196 пәтердің құрылысы жалғасуда, оның 114-і толық аяқталған.
Кездесу барысында Байзақ аудандық мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаев пен Қостөбе ауылдық округінің әкімі Мұхтар Мамышев атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.
Одан кейін сөз алған Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жолдауда айқындалған негізгі бағыттарға тоқталды. Ол цифрландыру, экономикалық даму, инновациялар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат және құқықтық тәртіпті нығайту салаларында жүйелі жұмыстар жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» бағдарламаларының әділ әрі тұрақты қоғам құрудағы рөлін ерекше атап өтті.
Мәлік Отарбаев цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экономикалық өсімді жеделдетуге, басқару тиімділігі мен азаматтардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл бағытта жаңашыл идеяларға бейім жастардың рөлі маңызды екеніне тоқталып, олардың елдің цифрлық трансформациясының негізгі күші болатынын жеткізді.

