BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованы қабылдап, еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесуде министр азаматтарды жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, халықты жұмыспен қамту жөніндегі 2029 жылға дейінгі жоспардың 83 пайызы орындалған. Соңғы бес жылда 2,7 миллион адам еңбекке тартылды. Сапалы жұмыс орындарын көбейту мақсатында өңірлік жол картасы және жыл сайынғы KPI жүйесі іске асырылып келеді.

Президентке биылғы 10 айда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30 пайызға азайғаны туралы ақпарат берілді. Бұл ресурстарды шынымен мұқтаж жандарға қайта бағыттауға мүмкіндік берген. Қазіргі таңда 285,1 мың азамат атаулы әлеуметтік көмек алады. Оған 27,1 миллиард теңге бөлінді.

Светлана Жақыпова өндірістік жарақаттану 6,5 пайызға, ал адам шығынына әкелетін оқиғалар 4,5 пайызға төмендегенін жеткізді. Сонымен қатар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 522 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіліп, 27 мың азамат инватакси қызметін пайдаланған.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысына базалық зейнетақы мөлшерінің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін ұлғайтылғаны туралы есеп берілді. Зейнетақы төлемдері жыл сайын инфляцияға сәйкес индексацияланады. Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасы 2028 жылға қарай кезең-кезеңімен 5 пайызға дейін өседі. Қазіргі таңда жұмыспен қамтылған азаматтардың 65 пайызы жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары.

Кездесу барысында министр Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жүктеген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Оның ішінде мемлекеттік қызмет көрсетуді бір орталыққа топтастыратын Бірыңғай цифрлық платформаны құру жұмыстары да бар. Бұл әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға және мұқтаж азаматтарға жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Кездесу соңында Президент жұмыспен қамту сапасын арттыру, әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі цифрландыру, еңбек қатынастарындағы қауіп-қатерлердің алдын алу, сондай-ақ зейнетақы жүйесін және көші-қон саясатын жетілдіру бағытында бірқатар тапсырма берді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *