БІЛІМ МЕН ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ТОҒЫСҚАН ТҰСЫ: ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЦИФРЛЫҚ КЕЛБЕТІ
Ақпараттық технология дамып, жасанды интеллект өмірдің барлық саласына еніп жатқан кезеңде ұлттық цифрлық контентті дамыту елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен дербестігінің маңызды кепілі саналады. Бұл қадам сонымен бірге жаһандық цифрлық монополияға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде атап өткен болатын. Осы тұрғыда ұлттық телекоммуникация операторы – «Қазақтелеком» компаниясы бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруда. Оның ішінде қазақ тіліндегі сапалы медиаконтентті арттыру, білім беру платформаларын дамыту, ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім алшақтығын қысқарту және отандық киноөндірісті қолдау бар.
Қазақша контентті дамыту – уақыт талабы
TV+ жобасы аясында Disney студиясының фильмдері алғаш рет қазақ тіліне дубляждалып, қосымша ақысыз ұсынылуда. Бүгінде 60-қа жуық туынды қазақша дыбысталған, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 87-ге жетпек. Сондай-ақ, TV+ деректеріне сәйкес, биыл ең көп қаралған 100 туындының 44-і қазақ тілінде болып, 416 мың бірегей қаралым жинаған. Бұл – қазақша контентке сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Отандық сериалдарға сұраныс артуда
Онлайн платформа Salem Entertainment компаниясының 40-тан астам эксклюзивті жобасын ұсынады. Жаңа маусымда «Шыда-2», «Няня-2», «Гимназия», «Офсайд», «Зомбеты» және басқа да сериалдар көрермен назарына ұсынылмақ. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалар көрермен үшін тек ойын-сауық емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін маңызды мәдени арнаға айналып отыр.
Білім беру платформалары
«Қазақтелеком» білім беру саласында да цифрлық шешімдерді енгізуде. mektep-online.kz жобасы арқылы 5 мыңнан астам бейнесабақ қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Бұл платформа оқушыларға білімдегі алшақтықты азайтуға, мұғалімдерге қосымша әдістемелік материалдар алуға мүмкіндік береді.
Құқықтық мәдениетті арттыру
TV+ платформасында «Заң және тәртіп» топтамасы ұсынылып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Топтама отандық және шетелдік туындыларды қамтып, заң үстемдігі мен әділеттілікті насихаттауға ықпал етуде.
Жалпы, «Қазақтелеком» қолға алған бастамалар ұлттық контентті дамытуға, цифрлық теңсіздікті жоюға және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған. Сарапшылардың айтуынша, бұл шаралар Жаңа Қазақстанның құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етпек