МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҰҚШҰ ҰЖЫМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Саммит жұмысына Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатысты.
Кеңес барысында ұйымға мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер талқыланып, биылғы жылдың жұмыс бағыттары қорытындыланды. Сонымен қатар алдағы кезеңге арналған басымдықтар айқындалды. Президенттер ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметін аяқтап жатқан Иманғали Тасмағамбетовке атқарған еңбегі үшін алғыс білдірді.
Отырыста 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап үш жыл мерзімге Қырғыз Республикасының өкілі Таалатбек Масадыковты ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне тағайындау туралы шешім қабылданды.
Жиын қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданып, ұйымға мүше мемлекеттердің мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды. Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселелер жөнінде пікір алмасты.

